Ұлытау облысында қазақ халқының бай мұрасы мен ұлттық құндылықтарын ұлықтаған «Көкмайса» этнофестивалі өтті.
Дәстүрлі шара Жаңаарқа жеріндегі Шабден Ералиев атындағы ауылда ұйымдастырылды. Толағай тауының етегіне 40-қа жуық киіз үй тігіліп, көшпелі жұрттың көнеден жеткен «Қымызмұрындық» дәстүрі дәріптелді.
«Көкмайса» – Ұлытаудың брендіне айналған ерекше фестиваль. Ұлттық бірегейлікті нығайтатын тағылымы мол мәдени жобаның жыл санап ауқымы кеңейіп келеді. Биыл фестивальді тамашалауға 15 мыңнан астам қонақ келді.
Дастан Рыспеков, облыс әкімі:
- Ұлытау ұлт тарихының алтын бесігі. Елдік пен бірліктің, рух пен дәстүрдің ордасы. Осындай қасиетті жерде ұйымдастырылып отырған фестваль халқымыздың мәдени сұрасын дәріптеп қана қоймай, ұлттық сананы нығайтуға, жас ұрпақтың туған жерге, тарих пен дәстүрге деген құрметін арттыруға қызмет етеді.
Фестиваль қонақтарына қолөнер көрмесі ұсынылды. Ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүр көріністерін тамашалады. Ең әсерлі сәттің бірі – бір мезетте 500 құлын желіге байланып, бие сауу дәстүрі дәріптелді. Айта кету керек, Жаңаарқада әр шаңырақ кемінде бір үйір жылқы байлап, қымыз баптайды.
Сандуғаш Азбаева, Шабден Ералиев ауылының тұрғыны:
- Бұларды алғашқы жылдары үйреткенде асаудың аяғына арқан салып, басына бұғалық салып, тұсаулап үйретеміз. Бастықтырамыз. Қаншама еңбек. Маңдай тердің арқасында қымызды сауып, іске асырып пайдаланып отырмыз. Бізде Ералиев ауылында бие саумайтын үй жоқ. Барлығы сауады.
Жан Шиау Чан, турист:
- Киелі топыраққа тұңғыш рет қадам басып жатырмын. Фестивальден керемет әсер алдық. Жаһандану заманында көнеден келе жатқан ұлттық дәстүрді жаңғыртып жатқан көпшіліктің еңбегіне тәнті болдым.
Фестивальде «Қымызмұрындық» дәстүрі сахналанып, қонақтар жаңа сауылған бие сүтінен дәм татты. Ұлттық спорт түрлерінен де тартысты сайыстар өтті. Көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, садақ ату, асық ату, жілік сындыру секілді ойындардың қызығына куә болды.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов
Тегтер #Ұлытау #қазақ #дәстүр #фестиваль #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz