Орталық Азияда алғаш рет әлемге әйгілі америкалық аңыз суретші Билл Виоланың «Уақыт кеңістігі» көрмесі ашылды.
Мұнда суретшінің әлемдегі жетекші музейлер қорына енген 18 туындысы қойылды. Жобаны Билл Виолла студиясы ұйымдастырды. Мәдени шараға бейнеөнер шеберінің жұбайы Кира Перов пен шетелдік қонақтар қатысты. Көрмені ұйымдастыруға Halyk Bank қолдау көрсетті.
Бұл көрмеде үйреншікті суреттер мен мүсіндер жоқ. Себебі автор бояудың орнына жарық пен дыбысты қолданған. Мұнда суретшінің 40 жылда дайындаған 18 еңбегі ұсынылды. Олардың ішінде «От құшағындағы әйел», «Тристанның көкке көтерілуі», «Шағылысқан хауыз» және «Көк пен жер» туындылары бар. Әр шығарма шамамен 20 минутқа созылады.
Кира Перов, Билл Виоланың жұбайы:
- Биллдің ең танымал әрі көпшілік сүйіп тамашалайтын туындыларының бірі – «Үш әйел». Онда алып сарқыраманың арғы бетіне өтіп бара жатқан үш әйел көрсетіледі. Бұл сарқырама өлім мен өмір арасындағы шекараны меңзейді. Яғни шығарма адам өмірінің қаншалықты қысқа екенін көрсетеді.
Билл Виолла екі жыл бұрын дүниеден өтті. Алайда ол туындылары арқылы әлі күнге дейін көрермен ортасында. Оған дәлел көрмедегі суретшінің автопортреті. Онда шебердің жас кезі бейнеленген. Суретші туындыда тыныс алып тұрады. Қабырғадағы электронды экран оның әрбір демін санайды. Көрмеді суретшінің жары Кира Перов куратор болды.
Меруерт Қалиева, Almaty Museum of arts музейінің көркемдік жетекшісі:
- Билл Виоланың кейбір еңбектеріне шығыс философиясы әсер етті. Шығыстың наным-сенімін зерттеу үшін бірнеше жыл Жапонияда өмір сүрді. Сондай-ақ көп шығармаларында парсы ойшылы Румидің идеяларына сүйенеді.
«Билл Виола: Уақыт кеңістігі» елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Әлемге әйгілі суретшінің туындыларын көпшілік 1 шілдеден бастап көре алады. Көрме келесі жылдың 17 қаңтарына дейін жалғасады.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #Билл Виолла #музей #көрмеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz