Астанада қала күніне орай қазақ опера өнерінің көрнекті тұлғасы, КСРО және Қазақстанның Халық артисі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған "Ғасыр дауысы" атты концерт өтті.
Мерейтойға арналған салтанатты іс-шарада Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хатын оқыды.
Президент құттықтау хатында "Ермек Серкебаев ұлттық өнердің өресін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан бірегей дарын иесі. Талантты тұлға қазақ және әлем операларындағы таңдаулы партияларды асқан шеберлікпен орындап, талай туындыны классикалық музыканың биігіне көтерді. Осылайша қайталанбас қолтаңбасы бар ән мектебін қалыптастырды. Дара тұлғаның ғасыр тойы ұлттық мерейі, оның өрелі өнері, бекзада болмысы - өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан Ермек Серкебаевтай ұлт перзентінің есімін ұлықтау, оның мұрасын дәріптеу - баршамызға ортақ міндет" деп жазды. Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл іс-шараның ұйымдастырылуына атсалысу – ведомство үшін зор мәртебе екенін айтты. Мұндай рухани кештер ұлы тұлғаны еске алу үшін ғана емес, жас ұрпаққа өз кәсібіне адал қызмет етудің биік үлгісін көрсету үшін қажет, деді. Бүгінгі концерт – ұлы өнер иесіне деген алғыс пен құрметтің белгісі, сондай-ақ ұлттық мәдениетіміздің лайықты жалғасы екенін тілге тиек етті. "Ғасыр дауысы" атты концертке Ермек Серкебаев әулеті, сондай-ақ елімізге белгілі қайраткерлер мен өнерпаздар қатысты.
Мұрат Серкебаев, Қазақстанның халық артисі:
- Серкебаевтар әулеті үшін бұл концерт үлкен той іспетті. Біздің көңілімізден шықты. Көпшілік үлкен қошеметпен тамашалады. Отандық өнерге деген қолдау әрдайым осындай жоғары деңгейде болса деген тілегім бар. Осы сәтті пайдалана отырып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Мәдениет және ақпарат министрлігіне шексіз алғысымды білдіргім келеді.
Концерт барысында өнер иесінің репертуарындағы классикалық шығармалар, халық әндері және отандық музыка мәдениетінің алтын қорына енген туындылар орындалды.
Байғали Серкебаев, A’STUDIO тобының жетекшісі:
- Бүгін тамаша музыкалық кеш болды. Әншілер де, көрермендер де құлақ құрышын қандырды деп ойлаймын. Отандық өнер үшін өлшеусіз үлес қосқан әкемді мақтан тұтамын. Елімізді әлемге танытты. Мәдениет және ақпарат министрлігіне, президентке көп рақмет.
Іс-шара барысында Ермек Серкебаевтың қалыптастырған ән мектебі, сахналық мәдениеті, шығармашылық болмысы және ұлттық өнерге сіңірген еңбегі көрермен назарына ұсынылды. Мақсаты - ұлттық өнер тарихында айрықша орны бар, ұлт мәдениетінің, әсіресе классикалық музыка өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан тұлғаның шығармашылық мұрасын дәріптеп, кеңінен таныту.
Ернар Сәдірбаев, әнші:
- Байғали ағамен сөйлестім. Өмір жолын сұрастырдым. Көптеген қазақ және орыс тілдеріндегі классикалық әндерді кинофильмдерде орындады. Әлемге әйгілі беделді баритондардың бірі болды. Әрине ол кісінің өнерімен таныспын.
Ермек Серкебаев камералық және эстрадалық әнші ретінде де кеңінен танылды. Оның репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар дүние жүзі композиторларының таңдаулы туындылары кеңінен орын алды. Ол бірқатар фильмге түсті: "Біздің сүйікті дәрігер", "Ән қанатында", "Тақиялы періште" тағы да басқа. Көптеген халықаралық конкурстар мен дүниежүзілік фестивальдарға қатысып, жеңімпаз атанды. Қазақтың ән өнерін Еуропа мен Азияның көптеген мемлекеттерінде және АҚШ-та өткен қазақ мәдениетінің күндерінде кеңінен насихаттап, әлемдік биікке көтерді.
Мирлан Алтынбек, Қанат Махмутов
Тегтер #Мемлекет басшысы #Ермек Серкебаев #құттықтау #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz