RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде 1500 домбырашы бір мезетте күй шертті

04.07.2026, 21:12 30

Ақтөбеде бір жарым мың домбырашы бір мезетте танымал күйлерді орындады. 

Қаланың орталық алаңында Ұлттық домбыра күніне арналған ауқымды мәдени шара өтті. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінде келушілерге танымал күйшілерге тиесілі бірегей музыкалық аспаптар ұсынылған көрме ұйымдастырылды.

Көрмеге облыстық тарихи-өлкетану музейі мен аудандық музейлер қорында сақталған 50-ге жуық музыкалық аспап қойылды. Экспонаттар арасында белгілі күйшілер ұстаған домбыралармен қатар, қазіргі шеберлер жасаған ұлттық аспаптар да бар. Көрмені тамашалаған облыс әкімі Асхат Шахаров жыршы Алтынай Жетесоваға домбыра тарту етті. Айта кетейік, Алтынай 24 сағат бойы үздіксіз эпос орындап, әлемдік рекорд орнатқан жыршы.

Алтынай Жетесова, жыршылар мектебінің тәрбиеленушісі:

- Жеті жыл бойы қобызда оқыдым. Осы жылы тәмамдадым. Енді колледжді дәстүрлі әнмен жалғастырамын. Себебі жеті жыл бойы қобыз оқып келсем де жаныма жақын дәстүрлі ән болды. Сол себепті дәстүрлі әнді таңдадым. 

Орталық алаңда бірнеше шығармашылық ұжым музыканттарынан құралған біріккен оркестр қазақ композиторларының әйгілі күйлерін орындады. Кәсіби өнерпаздармен бірге сахнаға 1500 домбырашы шықты. Олардың орындауында Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлері, сонымен қатар Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» және Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» шығармалары шырқалды.

Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның халық әртісі:

- Президентіміз өз баяндамасында: «Домбырамызды ұлықтау арқылы төл өнеріміздің мерейін үстем етіп, оны әлемдік брендке айналдыруымыз керек», – деген болатын. Шынында да, қазіргі таңда осы бағытта жақсы үрдіс қалыптасып келеді. Домбырамыз, былайша айтқанда, әлемдік музыка кеңістігінде өзіндік орны бар заманауи аспап ретінде танылып келеді және болашақта оның беделі бұдан әрі де арта түсетіні сөзсіз.

«Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттық болмыстың, рухани бірліктің және қазақы дүниетанымның айқын символы», - деді жиналғандар. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Болат Молдағалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz