RU
Толық нұсқаға өту

Арқалықта Ұлттық домбыра күні кең көлемде атап өтілді

04.07.2026, 21:24 54

«Тобыл-Торғай» күйлерінен күй тартыс, «Қорқыт» этно-фольклорлық, «Ақжелең» ұлт аспаптар ансамбльдерінің және белгілі күйші Анар Мұздаханованың жеке концерті өнерсүйер қауымның көңілінен шықты.

Ал бір мың домбырашының бір мезетте күй орындауы мерекелік шараның шырайын аша түсті. 

Арқалықта екі күн бойы ұлттық аспап үні күй болып ырғалып, ән болып тербелді. Түрлі байқау, концерттер, әсерлі кездесу, кештер үздіксіз жалғасып жатты. Төл өнерімізбен сусындауға келген қонақтардың да қарасы қалың. Солардың арасында АҚШ-тың Калифорния штатынан келген жас жігіттер көзімізге ілікті. 

Ной Чансаланси, АҚШ азаматы:

- Бұл мерекеге тап келгеніме қуаныштымын. Домбыраның үнінен қатты әсер алдым. Осы аспапта ойнауды үйренсем деген құлшыныс пайда болды.

Президент тапсырмасымен Торғай өңірінің дамуы – Үкіметтің ерекше назарында. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов атап өткендей, Арқалықтың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мұның барлығы шағын шаһардың жарқын болашағына деген нық сенімнің және өңірдің қарқынды дамуына жасалып жатқан нақты қолдаудың айқын көрінісі.

Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің орынбасары:

- Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді   Төрге оздырамыз» деп атап өткен болатын. Расында, ата-бабамыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі. Бүгінде домбыра аспабының қос ішегі секілді үндескен Торғай мен Тобылдың қос арнасы барша қазақ елімен бірге бірауыздан жаңа Ата заңды қолдады, болашаққа зор сеніммен қарайды.

Шағын шаһарда мың адамның бір мезетте күй тартуы осы ауқымды мерекелік шараның нағыз шарықтау шегі болды.

Ұлттық аспапты ұлықтауға атсалысқан азаматтарға Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов алғыс білдіріп, сый-сияпат ұсынды. Жалпы өңірде жастардың төл өнерге деген қызығушылығы артып келеді. Бүгінгі шара – соның айқын көрінісі.

Бораш Әбенов,  дирижер:

- Мұны бесінші жыл істеп жатырмыз. Басында мыңға тарта болды. Содан кейін мың жарым болды. Екі мыңға дейін апарып. Енді әрине оның бәрін бірден шығару оңай емес. Сондықтан біз жылдап дайындаламыз. Енді бұл жылдық жұмыстың жемісі деп айтуға болады.

Арқалықтағы «Ұлттық домбыра күніне арналған екі күндік мерекелік шара өнер жұлдыздарының концертімен түйінделді. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz