RU
Толық нұсқаға өту

Көкшетаулық әнші Ақан серінің заманында жасалған домбырамен ән айтып жүр

05.07.2026, 13:00 46

Екі ғасырға жуық тарихы бар домбыра.

Осындай құнды жәдігермен көкшетаулық әнші, сазгер Сәрсенбай Хасенов ән шырқап жүр. Қос ішек аспапты атақты Ақан серінің ғашығы болған Ақтоқты сұлудың ұрпақтары жасатқан. Жалпы ән мен жырдың мекені атанған Көкше топырағында кандай тұлғалардың домбырасы сақталған? 

Сәрсенбай Хасеновтың қолындағы бұл домбыраның тарихы тереңде жатыр. Көненің көзіндей болған аспап шамамен 19-ғасырдың басында жасалған. Арқадағы домбыралардың үлгісінде ойылып тұрып безендірілген.

Сәрсенбай Хасенов, дәстүрлі әнші:

- Мынау домбыра біздің Көкше домбыраның стилі. Міне қалақ домбыра. Арқасы ойылып жасалған. Ешқандай қоспа жоқ. Баршасы ойылып жасалады, тек тиегін сала қояды міне. Бұл домбыралар да 19-ғасырдағы сал-серілер мұрасын жаңғыртқан кісілердің әуендері бар, әндері бар, классикалық мұрамыздың дыбысы бар. 

Соңғы жылдары Сәрсенбай Хасенов осындай көне домбыраларды жинақтаумен айналысып жүр. Осы уақытқа дейін 10-ға жуық аспап тапқан. Енді құнды жәдігерлерді қалың қарашаға таныстырып, насихаттауды көздейді.

Сәрсенбай Хасенов, дәстүрлі әнші:

- Көкшетауда елдің ішінде табылған домбыралардың екі күн көрмесін өткізсек деген жоспарым бар. Әрқайсы домбыраның тарихын айтып, шертіп, ән айтып, күй тартып, сондай бір жәрмеңке өткіземіз. 

Көкшетау әуелден сал-серілердің мекені атанған. Қазір облыс орталығындағы әдебиет және өнер музейінде кешегі дүлділ әншілердің 20-ға жуық домбырасы сақталған. Оның ішінде Ақан, Біржан, Иманжүсіптердің ұстаған домбыраларының көшірмелері мен кейінгі серілердің аспаптары бар.

Бақытбек Бекмұратұлы, әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері:

- Біздің музейде Сәкен сері Жүнісов, Естай Мырзахметов, Төлеген Қажыбай, Кәрім Ілиястегі, Қажыбай Жахин сияқты осы сал-серілерден қалған мұраларды жаңғыртқан, өздері де әнші, компазитор болған, ән өнерімен көпшіліктің жүрегінен орын тапқан өнер майталмандары мен қаламгерлерінің де домбырасы сақталған. 

Кешегі салдардың салған сара жолы әлі де жалғасып жатыр. Өйткені өңірде ұлттық өнерге бет бұрған жастар саны артып келеді.

Нұрлы Әміржан, студент:

- Домбыраның қазақ үшін маңыздылығы өте кең. Күй өнері, кешегі Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай сынды әншілеріміз осы арқа өңірінің әншілері. Соның жәдігерлері, мұралары біз үшін үзілмес бір тарих болып саналады. Олардың әндерін әрі қарай жалғастырыу біздің парызымыз.

Қазір өңірде сал-серілер мұрасы жан-жақты зерттеліп жатыр. Бірнеше жыл бұрын арнайы ақылдастар алқасы құрылып, 300-ге тарта әннің тарихы мен мәтінін тапқан. Енді оларды біртіндеп жарыққа шығару жұмыстары қолға алынбақ

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz