Астана күніне орай елордада 200-ден астам мәдени, спорттық және отбасылық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды «24KZ».
Мерекелік бағдарлама аясында ашық аспан астындағы концерттер, фестивальдер, спорттық жарыстар, театр қойылымдары мен ұлттық жобалар қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылады.
Бүгін, 6 шілде – Астана күні, елордада бірқатар ірі мерекелік шаралар өтеді.
Таңғы 10:00-де Триатлон саябағында еркін және грек-рим күресі, қазақ күресі мен дзюдодан «Жас Қыран» турнирі басталады.
11:00-де Ғашықтар саябағында ұлттық спортты дәріптейтін «Астана сақасы» асық ату турнирі ұйымдастырылады.
12:00-де Достық үйінде шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Өнермен нұрланған – асқақ Астана» фестивалі өтеді.
16:00-де Астана әкімдігі алдындағы қалалық алаңда «Толағай» алыптар сайысы көрерменге жол тартады.
Дәстүр бойынша бүгін елорданың тұрғын алаптарында да мерекелік концерттер ұйымдастырылып, қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.
Ал кешкі 18:00-де «Қазақ елі» монументі мен «Астана Арена» стадионы маңында Open Air форматындағы ауқымды мерекелік концерттер басталады. Сахнада қазақстандық танымал өнерпаздар өнер көрсетеді.
Мерекелік бағдарлама бүгінмен аяқталмайды.
7 шілде күні сағат 19:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Жайдарман» жастар фестивалі өтеді. Дәл осы уақытта Амфитеатр сахнасында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның эстрадалық және классикалық вокал бөлімінің солистері «Астана – арман қала» концертін ұсынады.
8 шілдеде сағат 15:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Қаламгер ұстаханасы» әдеби алаңы жұмысын жалғастырады. Ал 19:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда композитор әрі домбырашы Бауыржан Мақаевтың шығармашылығына арналған «Самғау» музыкалық кеші өтеді.
11 шілдеде «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.
Ал 11-12 шілде күндері сағат 09:00-ден бастап «Қазанат» ипподромында ұлттық тағамдарға арналған BaiQymyz – бапталған қымыз халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді. Фестивальге Қазақстан өңірлерімен қатар Қырғызстан мен Ресейдің (Якутия) қымыз өндірушілері қатысады.
Сонымен қатар мереке аясында коммерциялық концерттер мен мәдени жобалар да жоспарланған. Қала тұрғындары мен қонақтары Төреғали Төреәлі, Мақпал Жүнісова, «Жігіттер» тобының концерттерін, «Piano Stories. Шопеннен Прокофьевке дейін» музыкалық кешін, «Астана Опера» театрындағы халықаралық «Дон Карлос» фестивалін және «Шаншар» театрының жаңа бағдарламасын тамашалай алады.
Сондай-ақ Астана күніне орай елордада 25-тен астам жаңа абаттандырылған аула мен қоғамдық кеңістік пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Индустриялық парк аумағында жаңа өндіріс орындарын іске қосу жоспарланған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Астана күні #мәдениетPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz