Алматыдағы Ұлттық орталық музейде суретші-иллюстратор Гүлфарида Жаниярованың «Менің ғажайып әлемім» атты жеке көрмесі ашылды.
Ол көпке театр костюмі суретшісі, авторлық қуыршақтар шебері ретінде танымал. Көрме қуыршақ өнері мен кескіндеме секілді екі маңызды бағытты біріктіреді. Экспозиция көрерменге осы арқылы автордың көпқырлы шығармашылық әлемін таныстырады. Оның туындыларында сәндік нақыш, ұшқыр қиял, айналадағы дүниені шынайы сезіну үйлесім тапқан. Гүлфарида Жаниярова Халықаралық авторлық қуыршақ ұйымының құрамына ел атынан алғаш болып қабылданды. Оның туындылары халықаралық көрмелерге қойылып, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленіп жүр. Бұл жолы экспозицияға 50 кескіндеме туындысы мен 20-ға жуық авторлық қуыршақ қойылды. Суретші еңбектеріне табиғат көрінісі мен қазақ халқының мәдениетін арқау етеді.
Гүлфарида Жаниярова, суретші-иллюстратор:
- Бала кезімнен қуыршақты жақсы көремін. Менде қуыршақ өте көп. Оны жасамас бұрын әбден зерттеп аламын. Содан кейін ғана жасауға отырамын. Оған 2-3 ай уақыт кетеді. Мәселен, «Томирис», «Шыңғысхан» сияқты қуыршақтар ұзақ жасалды. Кескіндеме немесе қуыршақ деп бөліп жармаймын. Екеуі де мен үшін ыстық. Ал гүл тақырыбында жазылған «Калла гүлдері», «Қызыл раушандар», «Күнбағыс» шығармаларын көрмеден көре аласыздар.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы #музейPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz