Әлемге әйгілі актер Джеки Чан Қазақстанға келіп, жаңа халықаралық жобаның түсірілімін бастады. Алматыда Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») фильмінің ресми ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды «24KZ».
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік киноиндустрия өкілдері қатысты.
Аида Балаева Джеки Чанды Қазақстандағы түсірілімнің басталуымен құттықтап, оның екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып жүрген үлесін жоғары бағалады.
– Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін, – деді министр.
Салтанатты рәсімнен кейін Джеки Чан Алматының жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жас кинематографистерімен кездесті. Белгілі актер шығармашылық жолдағы табандылық пен үздіксіз ізденістің маңызына тоқталып, жастарға ақ тілегін жеткізді. Кездесу соңында балалар оған өздері салған портреттерді сыйға тартты.
Фильмнің негізгі түсірілімдері Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында өтеді. Жобаға қазақстандық Sәlem Entertainment және гонконгтық Billion Target компаниялары қатысады. Қоюшы режиссер – қазақстандық Роберт Кун.
Түсірілім шілде мен қазан айлары аралығында жалғасады. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың мемлекеттік China Film Group Corporation компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады. Картина халықаралық прокатқа шығады.
Мамандардың айтуынша, мұндай ауқымды жоба Қазақстанның киноиндустриясын дамытуға, кинотуризмді ілгерілетуге және еліміздің халықаралық деңгейдегі киножобаларды қабылдай алатын алаң екенін көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Armour of God франшизасының алғашқы фильмі 1986 жылы жарық көрген. Одан кейін Operation Condor (1991) және Chinese Zodiac (2012) фильмдері түсірілді. Ал Ultimatum – осы шытырман оқиғалы франшизаның төртінші бөлімі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Джеки Чан #Jackie Chan #кино #Armour of God: UltimatumPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz