RU
Толық нұсқаға өту

Швейцарияда қазақ мәдениеті туралы көрме ашылды

09.07.2026, 20:41 36

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының штаб-пәтерінде алғаш рет Қазақстанның ұлттық көрмесі ашылды.

«Ұлы дала мұрасы» атты экспозиция Ұйымның Бас Ассамблеясының 68-сессиясы аясында ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шарада авторлық құқық, инновациялар мен зияткерлік меншікті қорғау мәселелері талқыға түсті. 

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының штаб-пәтерінде мұндай көрініс күнде бола бермейді. Еліміздің алғашқы ұлттық көрмесінің ашылуы Ассамблея қонақтары үшін нағыз мәдени мерекеге айналды. Қазақтың ұлттық аспаптарымен түрлі шығарманы заманауи өңдеуде орындаған этно-фольклорлық ансамбль көрерменге ерекше әсер сыйлады. Көрмені алғашқылардың бірі болып Ұйымның Бас директоры Дарен Танг тамашалады.

Дарен Танг, дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры:

- Бұл Қазақ елі үшін Ұлы даланы, өз мәдениетін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының алаңында таныстыруға берілген тамаша мүмкіндік. Мысалы, біз жаңа ғана Қорқыт ата туралы білдік. Қазақстан бай мәдениеті бар ел. Сонымен бірге ол жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп отырған мемлекет. Көрме қазақтың мәдени мұрасын заманауи технологиялармен үйлестіре отырып таныстырады. 

Қайрат Төребаев, Қазақстан Республикасының ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі:

- Бас Ассамблея аясында түрлі бастамаларымыз жүзеге асырылып жатыр. Биыл біз өңірлік топқа жетекшілік етіп, халықаралық алаңдарда Орталық Азияның мүддесін қорғаймыз. Жалпы Қазақстан Ұйыммен тығыз серіктестік орнатқан. Соның нәтижесінде Алматыда зияткерлік меншік саласы бойынша мамандар даярлайтын орталық сияқты маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Женевадағы көрме Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы Бас Ассамблеясының 68-сессиясы аясында ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі күн тәртібіндегі басты тақырыптың бірі цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында авторлар мен өнертапқыштардың құқықтарын қорғау жолдары. Қазақстанның осы бағыттағы ұстанымы мен Ата заңға енгізілген өзгерістер туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндап берді. 

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

- Кеше де бүгін Ассамблеяда баяндамамызда еліміздегі болып жатқан конституциялық реформаларды таныстырып кеттік. Себебі алғашқы рет Ата Заңымыздың жаңа нұсқасында зияткерлік меншік заңмен қорғалады деген қағидат енгізілді. Осы мәселені біз 194 мемлекет өкілдеріне жеткіздік. Біз бір жағынан Конституциялық деңгейде осы зияткерлік меншікті сақтайтын болсақ, екінші жағынан біз елімізде цифрландыру мәселесімен және жасанды интеллектінің мүмкіншіліктерін пайдалануға жолын тауып жатқан мемлекетпіз. 

Көрменің негізгі мақсаты – еліміздің тарихи және заманауи мұрасын қатар көрсету. Экспозицияға 18-19 ғасырлардағы және бүгінгі сәндік-қолданбалы өнер туындылары, ұлттық киім үлгілері, музыкалық аспаптар мен дәстүрлі тұрмыс бұйымдары қойылған. 

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Көрмедегі тартымды жобалардың бірі осы цифрлық экспозиция. Артымда Әбілхан Қастеев атындағы музейдің қорындағы қазақстандық суретшілердің туындылары. Ұйымдастырушылар осылайша анимация мен заманауи технологиялар арқылы мәдени мұраны жаңа форматта таныстырып, авторлық құқыққа деген құрметті сақтауға мүмкіндік берді.

Венцеслав Сабев, Женева Университетінің профессоры:

- Көрменің ашылуы мен концерт ерекше көңіл күі сылады. Бұл адами капиталдың құндылығын айқын көрсетеді. Егер Қазақстанға тән қасиетті ата десе мен «ашықтық» дер едім. Сондай-ақ жаңа идеяларға ұмтылысы мен креативтілігі ерекше атап өтуге болады. 

Бүгінде креативті индустрия әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан саласының бірі. Ал зияткерлік меншікті қорғау оның тұрақты дамуының негізі десе болады. Сондықтан Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен ынтымақтастығын нығайтып, саладағы өз тәжірибесі мен ұстанымдарын халықаралық қауымдастықпен бөлісуге ниетті.

Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz