RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында Алтын Орда дәуіріне тиесілі жәдігерлер табылды

09.07.2026, 21:00 28

Павлодарлық археологтар Алтын Орда дәуіріне тиесілі бірегей жәдігерлер тапты.

Ғалымдардың айтуынша, бұл деректер аумақта кезінде ірі сәулет нысаны болғанын аңғартады. Қазір археологтар тарихи олжаның құпиясын анықтап жатыр.

Экспедиция бағыты Ертістің сол жағалауындағы аумақтарды қамтиды. Зерттеу жұмыстары Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жүріп жатыр. Маңызды нысандардың бірі Жантай қонысы. Қазба жұмыстарының алғашқы күндерінде-ақ археологтар көне сәулет нысанының іздерін анықтады. Бұған аумақтың әр жерінен табылған күйдірілген кірпіш сынықтары дәлел. Мамандардың айтуынша, мұндай құрылыс материалы кейінгі тарихи кезеңдерге жат. 

Асқар Әбілдин, оқу-археологиялық тәжірибесінің ғылыми жетекшісі:

- Өлшемдері 25 те 25 болатын Алтын орда стандарттарына яғни сол кезеңге жататыны белгілі болды. Дәл осы формат алтын орда кезеңідегі кесене, мешіттерде сарайларда және тағы басқа құрылыс сәулет өнерінде қолданылғаны дәлелденіп отыр.

Қазба кезінде киімге тағылатын металл әшекейлер мен моншақтар жиынтығы табылды. Металл бұйымдарға жүргізілген сараптамалар олардың құрамында қорғасын мен қалайы мөлшері жоғары екенін көрсетті. 

Елена Тушева, эксперименттік археология зертханасының меңгерушісі:

- Моншақтарды зерттеу кезінде бәрі сырттан әкелінгені анықталды. Бұл Алтын Орда дәуірінде жергілікті халықтың алыс өңірлермен экономикалық әрі мәдени байланыс орнатқанын аңғартады. 

Табылған олжалардың қатарында каури ұлуының қабыршағы да бар. Олардың табиғи мекені Үнді мұхиты. Биоархеологтардың пікірінше, бұл жәдігер Ұлы дала мен Оңтүстік Азия өркениеттерін жалғаған көне сауда жолдарының болғанын дәлелдейді.

Наталья Миллер, биоархеолог:

- Морфологиялық ерекшеліктеріне қарай бұл қабыршақтың каури тұқымдасына жататыны анықталды. Ол табиғи жағдайда Үнді мұхитында, әсіресе Мальдив аралдары, Оңтүстік Азия және Шығыс Африка жағалауларында кездеседі. Біздің өңірдің су айдындарында тіршілік етпейтіндіктен, жәдігердің сырттан әкелінгені анық. 

Археологтардың айтуынша, бұл бірегей олжалар өткен тарихтың жаңа беттерін ашып қана қоймай, Алтын Орда дәуірінде Ертіс өңірінің мәдени, қолөнер және сауда орталықтарының бірі болғанын дәлелдейді. 

Рүстем Қайратұлы, Валентина Леонова, Марат Игликов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz