11-12 шілде күндері Астанадағы «Қазанат» ипподромында ұлттық мәдениет пен дәстүрлі тағамдарды дәріптеуге арналған BaiQymyz-2026 гастрономиялық фестивалі өтеді. Екі күндік іс-шара барысында қонақтарға 56 тонна қымыз ұсынылады, деп хабарлайды «24KZ».
Фестиваль аясында келушілер қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, салт-дәстүрі, қолөнері мен мәдениетімен жақынырақ таныса алады. Сондай-ақ суретшілер мен қолөнершілердің көрмелері ұйымдастырылып, ұлттық ат спорты ойындары көрсетіледі.
Бағдарламада балалар мен ересектерге арналған танымдық әрі ойын-сауық шаралары қарастырылған. Ал фестивальдің әр күні қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, BaiQymyz-2026 еліміздегі оқиғалық туризмді дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Фестиваль министрлік бекіткен 2026 жылғы республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізіліп, Ұлттық оқиғалар күнтізбесінің зәкірлік іс-шараларының қатарына енген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль ұлттық мәдени мұраны кеңінен насихаттауға, гастрономиялық туризмді дамытуға және Астана мен Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #BaiQymyz2026 #қымызPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz