Алматы жұртшылығы көрнекті кинорежиссер, драматург, жазушы Сатыбалды Нарымбетовті еске алды.
Қазақ киносының корифейі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Шараға режиссердің достары мен әріптестері, туған-туыстары қатысты. Сатыбалды Нарымбетовтің шығармашылық жолы 1970 жылдары басталды. Оның қоржынында түрлі жанрда түсірілген 20-дан аса фильм бар. Көрермен оның «Созақтан шыққан Гамлет», «Дала экспресі», «Омпа» сияқты туындыларын жақсы біледі. «Мұстафа Шоқай» тарихи драмасы да ыстық ықыласқа бөленді. Ал режиссердің соңғы картинасы «Аманат» фильмі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тарихшы Ермұхан Бекмахановқа арналды. Ол сценарист ретінде де танымал. Отандық және халықаралық деңгейде көптеген марапатқа ие болды. Қазақ киносының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Сатыбалды Нарымбетов Мемлекеттік сыйлықтың және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері атанды.
Асқар-Мұхит Нарымбетов, кинорежиссер, драматург:
- Қазақ киносын әлемге танытқан тұлғалардың бірі. Оны халық арасында қазақ киносының Жорж Садулі, тіпті «еуропалық Оскардың иегері» деп те айтып жатады. Авторлық киноның іргетасын қалаған азаматтардың бірі болды. Сонымен қатар ол жазушы әрі драматург еді. Сценарийлерін өзі жазып, фильмдерін өзі түсіретін. Айта берсем, әкемнің қазақ халқына, қазақ киносына сіңірген еңбегі орасан зор.
Тегтер #ескерткіш #Сатыбалды Нарымбетов #жазушыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz