13 жастағы Жасмина Түзелова Қазақстан атынан «Славян базары» халықаралық ән байқауына қатысты.
Ең танымал халықаралық музыкалық сайыстардың бірі Беларусьтің мәдени астанасы Витебскіде жыл сайын өтеді.
"Славян базары" биыл 35-рет өтіп отыр. Әнші балалар байқауына 19 елден өнерпаз барған. Бұл аталымда Қазақстан атынан Жасмина Түзелова қатысып жатыр. Ол вокалмен 5 жасынан айналысады. Ол бірінші күні Нұрғиса Тілендиевтің "Саржайлауын", ал екінші күні Петр Андреевтің "Ромашка-василёк" әнін орындады.
Жасмина Түзелова, әнші:
"Сахнаға шыққанша қатты қобалжимын. Бірақ шыққан бетте қобалжу, уайым, бәрін ұмытамын. Сахнада тұрған сәтімде мен басқа ештеңе ойламаймын. Тек әнді ғана ойлаймын. Репертуарымда негізінен эстрада әндері. Әнді қазақша да, ағылшынша да айтамын".
Бұл байқауға қатысу үшін жас талант бірнеше іріктеуден өтті. Алдымен онлайн өтінім беріліп, кейін үздік әншілер Алматыға шақырылған. Нәтижесінде жүзден жүйрік шығып, Витебскіге Жасмина аттанды.
Әділ Ахметжанов, вокал бойынша педагог:
"Қазақта сөз бар ғой. Құймақұлақ деген. Мысалы, мен айтқан нәрсенің бәрін тез қабылдайды. Жүре бермейді. Барлығын орындайды. Жасминаның дауысында үлкен күш бар. Сосын екіншіден тембрі ерекше. Тембрі әдемі. Яғни дауыстың бояуы. Харизмасы сахнада. Сахнада өте әдемі. Көздері, қастары, өзін сахнада ұстауы, өзін еркін ұстауы. Жасмина "Славян базарына" лайықты келді деп есептеймін".
Қазақстан бұл фестивальге тұрақты қатысушы. Бізді әншілер бірнеше рет Гран-при ұтып, сан мәрте лауреат атанған. Қазақ өнерпаздарының талантын басқа елдің өкілдері деп жоғары бағалайды.
Натали Стюарт Фокс, Грузия делегациясының продюсері:
"Славян базары" - үлкен мүмкіндік алаңы. Мұндай қатысудың өзі жеңіске жеткенмен бірдей. Жас таланттар зор тәжірибе жинайды, мотивация алады".
Ольга Иванникова, Өзбекстан делегациясының жетекшісі:
- "Маған қазақ әншілерінің ән таңдаудағы талғамы қатты ұнайды. Өз мәдениетіне деген ерекше, өте байсалды көзқарас бар. Кәсіби деңгейлеріне бас иіп, тәнті болып, шын жүректен қол соғамыз".
Балалар ән байқауының қорытындысы жақында белгілі болады. Алда ересектер арасындағы ән додасы бар. Мұнда да Қазақстан жүлделі орындар үшін таласады.
Ернат Қашқынов, Наргиз Рақымжан
Тегтер #Қазақстан #славян базары #Беларусь #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz