RU
Толық нұсқаға өту

Creative Aimaq: Ұлытау өңірінің әлеуеті таныстырылды

18.07.2026, 20:41 43

Алтын Орда мұрасы елордада қайта жаңғырды. 

Тарихи-мәдени жауһарларды насихаттау мен отандық креативті индустрияны дамытуға арналған Creative Aimaq көрмесінде Ұлытау өңірінің әлеуеті таныстырылды. Астаналықтар мен қала қонақтары дәстүрлі және заманауи өнер жәрмеңкесін ертең де Qazaq Creative Hub алаңында тамашалай алады.

Бұл Алтын Орда мәдениеті мен ұлт тарихынан шабыт алған заманауи жәрмеңке. Ұлытау өңірінің қолөнершілері өз бұйымдарын таза табиғи материалдардан әзірлеген: зергерлік әшекейлер, құрақ көрпе, былғары, киіз өнімдері, қыштан жасалған сувенирлік туындылар – барлығы көздің жауын алады. Бүгінде креативті индустрияға қолдау артты, дейді ұйымдастырушылар.

Нұртас Кәріпбаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары:

- Ұлытаудан 60-қа жақын кәсіпкер келіп жасаған бұйымдарын, қолөнерлерін көрсетіп жатыр. Бізге үлкен мүмкіндік. Кәсіпкерлер өздерінің жасаған бұйымдарын, қолөнершілер, креативті ай-ти технология саласының адамдары қарасаңыздар көрмеде әртүрлі саланың кәсіпкерлері өздерінің жасаған бұйымдарын халыққа таныстырып жатыр. Осы креативті экономиканың, креативті кәсіпкерлердің дамуына мүмкіндігінше қолдау жасап жатырмыз.

Келушілер дәстүрлі кәсіп түрлерінің қыр-сырымен танысып, шеберлік сабағына қатыса алады.

Қазбек Мұқанов, қолөнер шебері:

- Ұмытылып бара жатқан сүйек, тері өңдеу ата бабамыздың кәсібін жас ұрпаққа үйрету жөнінде, әрі қарай ұлттық кодымызды жаңғырту жөнінде жұмыс атқарып жатырмыз.

Өнер жұтамайды. Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек деп хакім Абай да айтқан. Қолөнершілердің көздегені де сол - Ұлы дала өнерін жаңғыртып, ежелгі өркениеттің болмысын сақтап, заманауи үлгіде дәріптеу.

Жанғали Жүзбай, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші:

- Біздің аса бай мұрамыз, руханиятымыздың тірегі, осы этнографиялық мәдениетіміз ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы керек. Ол үшін жаңа қалыпқа түсіп, жаңа бағытпен дамып, әлемдік үлкен мінберге ұмтылуға тиісті ғой.

Жоба қазақстандық шығармашылық кәсіпкерлерін, дизайнерлерді, суретшілерді қолдауға, сондай-ақ ұлттық брендті одан әрі іргерілетуге бағытталған.

Рухани Әбдірахман, Мерей Талап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz