Әуені талай буынның жүрегінен орын алған Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары Түркістан төрінде қайта жаңғырды.
Қалада қазақ музыкасының дара тұлғасына арналған «Шәмші әндері» фестивалі өтті. Мәдени шараға танымал өнерпаздар қатысып, сазгер мұрасына құрмет көрсетті. Вальс королінің шығармашылығына арналған кеш жайлы әріптесім тарқатады.
Фестиваль аясында қазақ ән өнерінің алтын қорына енген шығармалар жаңа тыныс алды. Бір сахнада эстрада жұлдыздары мен жас орындаушылар бас қосып, бірнеше буынның жүрегінен орын алған әндерді орындады. Сазгердің туындыларын шырқап жүрген өнерпаздар Шәмші шығармаларының халықпен бірге жасай беретінін айтады.
Досымжан Таңатаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
- Шәмші ағамыздың әні қай жерде, қай орында болсада тыңдауын табатын әндер. Өйткені қазақпен бірге жасасып келе жатқан тамаша артында мұра қалдырған Шәмші ағамыздың әні бұдан кейін де өзінің ұрпағымен бірге жасай беретініне ешбір күмәнім жоқ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің осы уақытта өтуі туристік маусыммен сабақтас. Себебі жаз мезгілінде шаһарга келушілер қатары көбейіп, мұндай мәдени жобаларға қызығушылық арта түседі. «Шәмші әндері» фестивалі арқылы сазгердің өлмес мұрасы жаңғырып, қазақ ән өнерінің бай қазынасы кеңінен насихатталады.
Мұқағали Кенжетайұлы, мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:
- Түркістан қаласының тұрғындары мен туристеріне ерекше демалыс сыйлау мақсатында, оның үстіне Шәмші әндерінің өміршендігін тағы да бір дәлелдеу, оның әндерін ел арасында кеңінен танымалдылығын арттыру мақсатында биыл Шәмші әндері фестивалі осындай ашық аланда, еркін форматта ұйымдастырылып отыр.
Түркістан төрінде өткен мәдени кеш сазгер мұрасын дәріптеп қана қоймай, өңір өнерінің үздіктерін де ұлықтады. Фестиваль барысында «Өнерлі өлке» байқауының жеңімпаздары мен облыстың үздік аудандары марапатталды.
Айша Көшеман, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан #Шәмші Қалдаяқов #фестиваль #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz