RU
Толық нұсқаға өту

«Таңғы төртте оятып, жаңа әуенін тыңдатады»: Қанат Айтбаев Димаш туралы қызықты деректермен бөлісті

21.07.2026, 14:52 184

Әлемдік сахналарды бағындырып, миллиондаған тыңдарманның жүрегінен орын тапқан Димаш Құдайбергеннің бұл биікке жетуінің сыры неде? Ұлының феномені, сахна артындағы тынымсыз ізденісі және шығармашылық жоспарлары туралы әкесі әрі продюсері Қанат Айтбаев «Azamat Live» подкастына берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.

 

– Қанат аға,  Димаш Құдайбергеннің феномені неде?

Ол кішкентай кезінде сурет салғанда үнемі үлкен сахнаны, музыкалық аспаптарды бейнелейтін. Сол аспаптардың ортасына өзін салып қойып: «Бұл – мен. Мен әлемдік сахнада ән айтамын, дүниежүзін аралаймын» дейтін. Ол кішкентайынан өзінің осы арманына қатты сенді, біз де оның сеніміне күмән келтірмей, қанатын қақпай қолдадық. Баланың арманына сенім білдіріп, бетін қайтармау – өте маңызды тәрбиелік ұстаным. Димаш мінезі өте жұмсақ, мейірімді болғанымен, өнерге келгенде айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, өте өткір. Ойына бір нәрсені алса, соны соңына дейін сапалы етіп жеткізбей қоймайды.

 Оның бойында, тіпті саусағының ұшына дейін музыка тұнып тұр десем артық айтқандығым емес. Кейде таңғы сағат төртте бөлмемнің есігін қағып оятып: «Әке, миыма осындай бір әуен келіп тұр, тыңдап көріңізші» деп оятады.

 Бұдан бөлек, ол – өз өнерінің толыққанды режиссері. Әннің тек орындалуын емес, оның сахналық қойылымына дейін өзі араласады. Құрылымын толыққанды басынан аяғына дейін жеке қадағалайды. Студияға қашан келіп, қашан кететінін де білмей қаламыз, күн-түн демей тынымсыз жұмыс істейді.

- Өнер жолының басында «Димаштан әнші шыға ма?» деген де болды. Сондай-ақ кейбір тыңдармандар тарапынан «Димаш неге басқаша ән айтпайды?» деген сын-пікірлер де айтылып жатады. Мұндай пікірлерге қалай қарайсыздар?

 «Димаштан әнші шыға ма?» деген сияқты сөздерге келсек, ол – әр адамның жеке пікірі. Жүре келе ол пікірлер өгерді, өзгере де береді. Бұл – қалыпты жағдай. Елдің барлығына бірдей ұнау мүмкін емес және оған міндетті де емеспіз. Біз өзімізді ұнататын, өнерімізді іздейтін тыңдармандар үшін жұмысымызды тоқтатпаймыз.

 Кейде маған «Димаштан басқаша әнші жасағысы» келетін адамдар жазады. Бірақ адамның ішкі жан дүниесі қандай болса, ол тыңдарманына сондай дүниені ұсынады. Димаш – өзінің бағытын, көзқарасы мен ұстанымын әндері арқылы қалыптастырып, өзінің аудиториясын өз қолтаңбасымен жасап келе жатқан дербес өнерпаз.

 

– Қазір Димаштың шығармашылық қоржынында қандай жаңалықтар бар? Жақын арада қандай жобалар күтіп тұр?

 

Димаштың шығармашылық көкжиегі өте кең. Қазіргі таңда шетелдің біршама қалаларына концерттік турлармен бару жоспарланып жатыр. Студияда тыным таппай жаңа әндер дайындап, ауқымды бейнебаяндар түсіру үстінде.

Ол өзінің жүрегіне ұнаған, ішкі жан дүниесі қалаған сапалы дүниені жасау үшін үнемі ізденісте болады. Бұйырса, таяу арада осы тынымсыз еңбектің нәтижесін көзіқарақты, өнерін бағалайтын барша тыңдармандары көріп, қуанады деп сенемін.

Қанат Айтбаевпен жүргізілген осы толық әңгімені Khabar NEWS ютуб арнасындағы Azamat Live бағдарламасынан көре аласыздар: https://www.youtube.com/watch?v=Nj3GyCYitcY&t=458s

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz