Бүгінгі қоғамдағы өнер адамының жауапкершілігі мен қайраткерлігі қандай болуы тиіс? Эстрададағы сөз сапасы, ұрпақ тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар неге маңызды? Бұл сауалдар төңірегінде белгілі өнер иесі, продюсер Қанат Айтбаев «Azamat Live» бағдарламасына берген сұхбатында ой толғап, салмақты көзқарасымен бөлісті.
Өнер иесі сахнаға шығу үшін бойында терең білім, кең жүрек, әдемі мінез және соның бәрін көтере алатын ұстамдылық болуы керек. Өнер адамдары әрқашан халықтың көз алдында, экранда жүргендіктен, олардың жақсысы да, жаманы да тез көзге түседі. Сондықтан қоғамда өз ойын салмақтап айта білу және ішкі діңгекті мықты ұстау – әрбір өнер иесіне қажет басты қасиет.
– Соңғы уақытта эстрададағы ән сөздерінің сапасына қатысты сын көп айтылады. Бұл мәселеде сіздің көңіліңізден шықпайтын тұстар бар ма?
Қазақ – қашанда сөздің қадірін білген, сөз асылын бағалаған халық. Өкінішке орай, қазіргі уақытта көшенің бейпіл, былапыт сөздерін әнге қосып, арзан бедел жинап, елдің назарын аударғысы келетіндер көбейіп кетті.
Өз еркіндігің бар екен деп, шектен шығуға болмайды. Әннің сөзі саф маржандай әдемі әрі мөлдір болуы тиіс. Елге ұсынылатын дүние болғандықтан, ақындар мен өнерпаздар оны әбден зерделеп, шыңдап барып халыққа бергені абзал.
– Айтбаевтар әулетінің бала тәрбиесіндегі басты ұстанымы қандай?
«Бала берсең, сана бер» дейді біздің халық. Саналы ұрпаққа бір нәрсені шегелеп айтып отырудың қажеті жоқ, бала көргенін жасайды. Біздің әке-шешеміз біздің көзімізше ұрсып жанжалдасқанын немесе бір-біріне бейпіл боқауыз сөйлегенін көрмей өстік, біздің балаларымызда солай өсті. Сол арқылы біздің жанымыз жақсылыққа ізгілікке құмар болды ғой деп ойлаймын.
Менің өмірлік ұстанымыма әкемнің өсиеті қатты әсер етті. Отау құрғанда әкем маған: «Сен бізді танымайтын, ауылымызды көрмеген қызды келін етіп әкелдің. Ол тек саған сеніп келді. Ешқашан ренжітуші болма. Құдалардың төрінде жүзім жарық, еңсем биік болып отырайын» деді. Сол сөз санамда жатталып қалды. Жұбайым Света екеуміз 1993 жылы отау құрдық, содан бері қол ұстасып бірге келе жатырмыз.
Үйдегі балалардың таңдауына да құрметпен қараймыз, ешқашан қақапайлаған емеспін. Димаш пен Мансұр өнер жолын таңдаса, қызымыз медицина саласын қалап, білім алып жатыр. Бала қай салаға бейім болса, соған бағыт берген дұрыс.
- Шығармашылық жоспарлар?
Жақында анам: «Отан, ана, дос туралы көптеген әндерің бар еді, соларды жарыққа шығарғаның дұрыс қой» деп есіме салды.
Қарап отырсам, басы құралып, биікке шықпай кейінге ысырылып қалған дүниелерім көп екен. Қазір солардың өңдеуін жасап, әншілерге үлестіріп жатырмын. Бұйырса, алдағы уақытта тыңдарманға рухани азық болатындай жеке авторлық кешімді өткізуді жоспарлап отырмын.
Қанат Айтбаевпен жүргізілген осы толық cұхбатты Khabar NEWS ютуб арнасындағы "Azamat Live" подкастынан көре аласыздар: https://youtu.be/Nj3GyCYitcY?si=eqyqUhojE1sQ1uEQ
Тегтер #Димаш #Қанат Айтбаев #Света Айтбаева #24жаңалықтар #24KZ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz