Қазақстандық музыкант Сеул сахнасын бағындырды.
Белгілі виолончелист Эльдар Сапараев пен Кореяның маңдайалды скрипкашысы Эдвин Кимнің бірлескен концерті үлкен қошеметпен өтті. Кештің басты оқиғасы Иоганнес Брамстың монументалды Қос концертін орындау болды. Толассыз күш-қуатты талап ететін туынды мінсіз орындалды.
Эльдар Сапараев, виолончелист:
- Бұл менің ең сүйікті шығармаларымның бірі. Брамс тек виолончельге арналған жеке концерт жазған жоқ, ол виолончель мен скрипканы үндестіре білді. Бұл әйел мен еркек жанының түйісуі секілді! Өзі өмір бойы ерекше жақсы көрген әйел – Клара Шуманға деген сезімін осылай жеткізеді. Музыка арқылы ғасырлар бойы бізге берілген осы эмоцияларды бастан кешудің жөні бір бөлек.
Эдвин Ким, скрипкашы:
- Эльдар – керемет виолончелист. Жүрегі суық адам ешқашан жылы музыка орындай алмайды, ал Эльдардың бойында оразан зор жылылық пен қуатты энергия бар. Ол маған өлшеусіз шабыт сыйлайды, мен оны әріптес ретінде өте қатты сыйлаймын. Маған Қазақстан қызықты көрінеді. Себебі онда біздің қандастарымыз – корейлер көп тұрады, сондықтан сіздің елде концерт берсем деген ниетім бар.
Концерт онлайн көрсетіліп, экран алдына орасан зор аудитория жинады, ал залдың ішінде отырып, тамашалағандар таңданыстарын жасыра алмады.
Ким Гван Хун, музыкант:
- Қазақстаннан келген виолончелист Сапараевтың өнерін тұңғыш рет тыңдап тұрмын. Ол шексіз музыкалық талғамы бар көрнекті орындаушы. Брамстың қос концертін үлкен ләззатпен тыңдадым – оның орындау мәнері біздің маңдайалды скрипкашымыз Эдвин Кимнің шеберлігімен тамаша үндесіп тұр.
Беделді Любляна университетінің профессоры Эльдар Қазақстаннан шыққан талантты жастарды белсенді қолдап жүр. Бүгінде оның сыныбында Батырхан Иссак, Данагүл Әжікенова және Юранай Сайран атты үш студент оқиды.
Эльдар Сапараев, виолончелист:
- Батырхан осы 2 жылдың ішінде бірнеше үлкен байқауда жеңіске жетті. Данагүл үшін біз басқа бағытты таңдадық. Яғни Батырхан солист ретінде барса, Данагүл оркестрлерде ойнауы үшін көбірек жұмыс істейміз және ол қазірдің өзінде жеке де, сондай-ақ Дмитрий Ситковецкиймен бірге оркестрде де өнер көрсетіп үлгерді. Кейін Эдуард Шмидердің оркестрінде ойнады.
Қазақстандық музыкант әлем жұртшылығын бағындыруды жалғастыруда. Жақын арада ол Люблянада Еуропаның ірі фестивальдерінің бірінде үш концерт беріп, содан кейін Штутгарт филармониялық оркестрімен Германияға турнеге аттанады.
Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #виолончелист #Қазақстан #Сеул #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz