RU
Толық нұсқаға өту

Астанада «Тұңғыштар мекені – киелі Абай елі» атты көрме өтті

01.08.2026, 21:40 38

Елордада «Тұңғыштар мекені - киелі Абай елі» тақырыбында көрме-жәрмеңке өтті. Онда Абай облысы креативті индустрия өндірушілерінің өнімдері қала халқы мен қонақтарының назарына ұсынылды.

Көрмеге облыстық музей мен кітапханадан әкелінген тарихи жәдігерлер қойылды. Шара «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылды. 

Алаштың алғашқы астанасы атанған аймақ - Абай елі - он қолынан өнер тамған шеберлердің ордасы. Бүгін олар елордадағы көрме орталығында өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынды.

Жанжігіт Омархан, Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

- Астана қаласына Абай елінің креативті индустриясы көрме-жәрмеңкесі келіп жатыр. Елордаға қолөнер шеберлеріміз ұйымдасып келіп отыр. Бұл жерге әкеліп отырғандағы мақсатымыз жалпы Абай еліндегі қолөнер шеберлерінің әлеуетін көрсету. Қазақтың үзілмеген дәстүрінің бұрыннан  қалыптасып келе жатқан жалғасында жұмыс істейтін адамдардың бар екенін айғақтау үшін келіп отырмыз. 

Қазақ қолөнерін қадірлеп, ұмыт болғанмызды ұлт жадында жаңғыртып жүрген жандардың бірі Сәкен Назарханұлы. Өнегелі өмірін өнердің осы түріне арнаған шебер қару-жарақ, музыкалық аспаптар, одан қалды тері, сүйек, күмістен кәдесый жасайды.

Сәкен Назарханұлы, шебер:

- Қазақтың ұлттық бұйымдары, саз аспаптары, қару-жарақтар және тері бұйымдары, сүйек бұйымдарымен айналысып жүрмін. Әртүрлі республикалық, халықаралық көрмелерге, әсіресе жастар жағын өзімізбен бірге алып барып өнермен бірге баулудамыз.

Ал абайлық Саян Ахметжан қазақ асханасын қал-қадірінше насихаттап жүр. 120 түрлі тағам өндіреді. Оның өнімдері ішкі нарықпен қатар, алыс-жақын шет елдерге де экспортталады.

Саян Ахметжан, Азық-түлік өндіруші компанияның директоры:

- Біз тек кондитерлік өнімдер шығарумен шектелмейміз. Негізгі мақсатымыз – ұлттық тағамдардың дәстүрлі рецептерін жаңғыртып, оларды кеңінен таныстырып, халық арасында танымал ету. Әрбір үйдің дастарханында міндетті түрде ұлттық тағамдар болғанын қалаймыз. Бұл – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі деп санаймыз.

Отыздан астам өндірушінің 800 түрлі өнімі келушілер назарына қойылды. Оның 772-і қолөнер бұйымдары болса, қалғаны қылқалам шеберлерінің картиналары.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Мейрам Жүнісов, Искандир Сергалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz