Қазақстандағы әуесқой суретшілердің ең ірі шығармашылық бірлестігінің бірі – Алматы қалалық «Самоцвет» суретшілер клубының құрылғанына 55 жыл толды.
Осыған орай Ұлттық орталық музейде «Бізді қоршаған әлем» атты мерейтойлық көрме ашылды. Экспозицияға клуб мүшелерінің кескіндеме және графика жанрындағы 150-ге жуық туындысы қойылды. Шығармаларда туған өлкенің табиғаты, сәулет нысандары, жыл мезгілдерінің көрінісі мен күнделікті өмірдің қарапайым сәттері бейнеленген. Туындылар реалистік өнер дәстүрін жалғастырып, қоршаған ортаның әсемдігі мен табиғаттың үйлесімін шынайы бейнелейді. Көрмеге келушілер «Самоцвет» клубының шығармашылық мұрасымен танысып, әр суретшінің өзіндік қолтаңбасын көруге мүмкіндік алды. «Самоцвет» клубының тарихы 1971 жылдан бастау алады. Осы уақыт ішінде бірлестік құрамында төрт жүзден астам суретші шығармашылықпен айналысып, республикалық және халықаралық көрмелерге қатысты. Бүгінде клуб кәсіби суретшілерді, ұстаздарды және бейнелеу өнеріне қызығатын түрлі мамандық иелерін бір ортаға біріктірген.
Наталья Кухаренко, қалалық "Самоцвет" суретшілер клубының жетекшісі:
- Көрмеміз өте мазмұнды. Мұнда оннан астам суретшінің туындылары ұсынылған. Қойылған жұмыстардың барлығы өте қызықты. Біз абстрактілі бағытта емес, реалистік бағытта еңбек етеміз. Өйткені өмірдің шынайылығын және табиғаттың қаз қалпындағы сұлулығын бағалаймыз.
Тегтер #Қазақстан #әуесқой суретші #көрме #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz