Қазақстанда 10 тамызда ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күні атап өтіледі. Осы датаға орай Астанада ауқымды мәдени-ағартушылық бағдарлама дайындалды. Елорда әкімдігінің ресми сайты таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл күндері қалада әдеби-музыкалық кештер, форумдар, кітап көрмелері, театр қойылымдары, шығармашылық байқаулар мен зияткерлік ойындар өтеді, деп хабарлайды «24KZ».
Мерекелік іс-шаралар елорданың әр түкпірінде ұйымдастырылып, Абайдың әдеби, музыкалық және рухани мұрасын дәріптеуге, сондай-ақ өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулуға бағытталған.
7–9 тамыз күндері елордалық Арбатта қазақ тіліндегі «Әнді сүйсең, менше сүй» караоке акциясы өтеді (7 тамызда – сағат 20:00-де, 8 және 9 тамызда – сағат 19:00-де). Мұнда ұлы ақынның әндері шырқалады.
8 тамыз, сағат 18:00-де «Жетісу» саябағында Абай күніне арналған зияткерлік-ақпараттық акция өтіп, қатысушылар эрудициясын сынап, викторинаға қатыса алады.
09:00-де Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі өтеді.
10:30-да Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Сөз өнері. Жасампаз жас қалам» атты жас жазушылардың республикалық форумы басталады. Жиынға аға буын жазушылары, әдебиет сыншылары мен өңірлерден келген жас ақындар қатысады.
11:00-де №5 балалар кітапханасында «Қара сөзден ой түйген дана Абай» атты оқу кеші өтеді.
17:00-де қалалық әкімдік ғимаратының алдындағы амфитеатрда «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылады. Мұнда ашық микрофон, ұлттық ойындардан турнирлер және ақын шығармаларынан концерттік бағдарлама ұсынылады.
Сондай-ақ 14 тамызда «Руханиятта» «Абай лирикасындағы табиғат» атты ашық сабақ өтіп, 18 тамызда Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында «Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасы мен рухани әлемі» тақырыбында дәріс өтеді.
Жыл соңына дейін елорда тұрғындары мен қонақтары театр сахналарынан мынадай қойылымдарды тамашалай алады:
«Қанаттылар» инклюзивті театрында – «Abai-La» драма-спектаклі;
Жастар театрында – «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы;
А. Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында – «Жас Абай» және «45» спектакльдері.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz