RU
Толық нұсқаға өту

Жастардың театрға қызығушылығы артқан

08.08.2026, 09:00 37

Атырауда театр көрермендерінің 80 пайызы - жастар. Өңірдегі өрендер бос уақытын тек ойын-сауық орталықтарында емес, кітап клубтары, музейлер мен шығармашылық алаңдарында өткізуге бет бұрған.

Биылдың өзінде жастарға арналған 175 іс-шара ұйымдастырылып, оған 21 мыңнан астам жас қатысқан. 

Атырауда театрға баратын жастардың саны артқан. Жаңа буынның талғамы өзгеріп, бос уақытты тиімді өткізу мәдениеті қалыптасып келеді,- дейді мамандар. Бұрын жастардың таңдауы көбіне кинотеатрлар мен ойын-сауық орындарына түссе, қазір кітап клубтарына, шығармашылық кеңістіктер мен музейлерге қызығушылық артып келеді.

Өңірде 209 мыңға жуық жас тұрады. Бұл – облыс халқының 29 пайызы. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін жыл басынан бері 175 іс-шара өтіп, 21 мыңнан астам адам қамтылған. Былтыр 220 мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды. Жастарды біріктіретін тұрақты алаңдар да көбейіп келеді.

Ілияс Үсенғалиев, облыстық Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:

- Жастар арасында белгілі бір демалыс орталары өте жақсы қалыптасқан деп айтуға болады. Жалпы жастар ресурстық орталығы атынан бізде кітап клубтары бар, волонтерлік ұйымдар бар. «Жас орта клаб» деген кітап клубы және «Жаңа жастар» деген волонтерлік ұйым бар. Атырау жастарының ішіндегі басым бөлігінде жалпы кітап оқу мәдениеті қалыптасып келе жатыр.

Соңғы жылдары театрдағы көрермендердің 80 пайызы - жас буын өкілдері. Театр мамандары бұған заманауи репертуар мен әлеуметтік желідегі насихаттың да ықпал еткенін айтады.

Жанат Телтаев, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас режиссері:

- Қазіргі таңда театр мәдени трендке айналды. Бір рухани топтың мүшесі болуға талпынады. Екіншіден, айналамызда қазір қаптап кеткен біршама жасанды әлемнен гөрі, театр, бұл – тірі организм. Театр – тірі өнер. Тірі эмоция, шынайы эмоция іздейді.

Жастардың белсенділігі жоғары

Мамандар қазіргі жастарды дайын мәдени өнімді тұтынушы ғана емес, жаңа идея ұсынып, оны жүзеге асыруға ұмтылатын белсенді буын деп бағалайды. Бірі кәсіп бастаса, енді бірі қоғамдық жобаларға араласып, әлеуметтік желі арқылы өз аудиториясын қалыптастырып жүр.

Шынар Төкенова, психолог:

- Жастардың маған ұнайтыны – құлшыныстары, қызығушылықтары және алға ұмтылуы. Кез келген жағдайда бәсекеге қабілетті. Көптеген жастарымыз әлеуметтік парақшаны өте сауатты жүргізеді. Бизнеске кетіп жатыр, бизнесті дамытып жатыр немесе қоғамдық өмірде өзіндік орнын қалыптастырып жатыр. Респект бір сөзбен.

Жастардың талғамы өзгерген сайын мәдени орта да жаңаруға тиіс. Мамандар шығармашылық және зияткерлік алаңдарды облыс орталығында ғана емес, ауылдарда да көбейту керек екенін айтады. Өйткені жастардың бос уақытын тиімді өткізуі олардың тұлға ретінде қалыптасуына жол ашады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz