Өзбекстанда Абай күнін атап өту дәстүрге айналған. Жыл сайын Ұлы ойшылдың құрметіне елдің түкпір-түкпірінде жыр мүшайралары, ғылыми практикалық конференциялар мен концерттер ұйымдастырылады.
Бүгін көрші елдегі қандастар мен Өзбекстан жоғарғы билік өкілдері Ташкенттегі Абай ескерткішіне келіп, гүл шоқтарын қойды. Өлеңдерін жатқа оқып, екі ел достығы хақында мазмұнды әңгіме өрбітті.
Абай шығармалары 20-шы ғасырдың басында Орталық Азияда пайда болған саяси күштердің ұранына айналғаны жасырын емес. Мәселен Өзбекстандағы жәдитшілер ойшылдың білім мен еңбек, ғылымға шақыратын сөздерін халық арасында кеңінен қолданған. Мұны өзбек тарихшыларымен жазушылары өздерінің шығармаларына да қосқан.
Абдулла Рүстемов, Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі:
- Абайдың шығармашылығы өте кең. Дүниеге кеңінен таралған. Қанша үйренсек те аз болады. Сол үшін біз Абайды зерттей береміз. Өзбек еліне бұдан да жақын таныстыруға жұмыс жасай береміз.
Көрші елде Абай өлеңдерінің 100-ге жуығы аударылған. Өзбекстан жазушылар одағы алдағы уақытта ақынның барлық жыр жинағын жергілікті тілге тәржімалауды жоспарлап отыр. Себебі Абай гумманист ақын. Ойшылдың шығармаларын өзге халық өзіне қаратып айтқандай қабылдайды. Абай сонысымен бәріне жақын, бәріне ортақ.
Икрам Хашимжанов, Қазақстан өзбектері «Достық» қауымдастығының төрағасы:
- Абай өзінің рухани ұстазы ретінде Науаиды айтқан екен. Сондықтан Әлишер Науаи, Абай тағы да басқа ақын жазушалар екі елдің достық көпірінің дәнекері болып табылады.
Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі алдағы уақытта достық, бауырластық қарым қатынасты бекемейтін мәдени, рухани шараларды көбейтуді көздеп отыр. Себебі мұндай бастамалар қазақ-өзбек халықтарының ежелден қалыптасқан байланысын тереңдетіп, бауырластық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал етпек.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Өзбекстан #абай күніPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz