Шымкентте Абай Құнанбайұлының туған күніне орай тағылымды шара өтті.
Ұлы қазақ ақынының ескерткіші жанына мемлекеттік қызметшілер, студенттер, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері жиналды. Ескерткіш тұғырына әр буын өкілдері гүл шоқтарын қойды. Мерекелік шара ақынның бірегей мұрағат құжаттары мен қолжазбалары сақталған «Хакім Абай» музейінде жалғасты. Ал мерекенің шарықтау шегі Шымсити саябағында өткен үлкен концерт болды.
Абай ескерткішінің жанына жиылған көпшіліктің қарасы қалың. Арасында ақын шығармаларын жатқа оқитын аға буын өкілдері де, ең жас қала тұрғындары да бар. Бүгінде Шымкентте тұтас бір аудан, даңғыл, саябақ пен кітапхана және музейге Абай есімі берілген. Мұнда ақын есімін есте сақтаумен қатар бай мұрасын қазіргі заман адамының санасына сіңіруге ерекше мән беріледі.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
- Осы Абай атамызды зерттеген зерттеушілердің айтып жүрген сөзі бар: «Абай қай уақытта ескіреді? Абай қазаққа ес кіргенде ескіреді» дейді. Сол сияқты әсіресе мынау құрметті жастар қауымы сіздер Абай атамызды көптеп оқуларыңыз керек.
Ақын шығармашылығын зерттеу жұмыстары қазір де жалғасып келеді. Шымкенттік ғалымдар қолжазбаларды мұқият іздеп, мәтіндерді салыстырып, бастапқы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Былтыр бірегей ғылыми еңбек жарық көрді.
Ақжол Қалшабек, "Мұхтартану" ғылыми орталығының жетекшісі:
- Абайдың 45 бет баспа табақтық 700 беттен аса аса кітабын шығардық. Бұл жерде Абай жаңаша көрінеді, Абайдың соның ішінде біз құрылымдық жағынан өзгерттік.
Мерекелік шара кешкісін Шымсити саябағында жалғасты. Сахнадан Абайдың өлеңдеріне жазылған махаббат, өмір және адам жаны туралы әндер шырқалды. Ұлы ақынның мұрасы тағы да әр буын өкілін бір арнаға тоғыстырды.
Талғат Серікқалиұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Шымкент #абай күні #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz