RU
Толық нұсқаға өту

«Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы мәресіне жетті

13.08.2026, 20:00 36

Бүгін елордада «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасының қорытындысы белгілі болды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Креативті индустрияларды дамыту қорының» ұйымдастыруымен қолға алынған жобада 200-ден астам жеткіншек бір айға жуық уақыт бойы үздік қолөнер шеберлерінен тәлім алды. Жас өскіндер төл өнерге үңіліп қана қоймай, тарихи-мәдени мұраны сақтаудың маңызына қанық болды. Ал бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жоба қатысушыларына алғысын білдіріп, сертификаттарды табыстады.

Ұлттық құндылықты ұлықтап, мәдени мұраны жаңғыртуда жеткіншектерді төл өнерге баулып, ғасырлар сүзгісінен өткен бабалар аманатын өскелең ұрпақтың бойына дарыту аса маңызды. Бұл тұрғыда «Ұлттық қолөнер мектебінің» үлесі айрықша. Жобаның сәтті аяқталуымен қатысушыларды бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтап, шебер-тәлімгерлерге, ұйымдастырушыларға, ата-аналарға және қатысушылардың барлығына алғысын білдірді. Үкімет басшысының орынбасары Мемлекет басшысының тарихи-мәдени мұраны сақтауға, шығармашыл жастарды қолдауға айрықша мән беретінін, сондай-ақ бүгінде дизайн, сән, сәулет, туризм сынды креативті индустрияның өзге де бағыттарында ұлттық нақышқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын  атап өтті.

Томирис Елеусізова, жоба қатысушысы:

«Мен торсық жасауды үйрендім, олардың оюларын салуды. Бір нәрсені үйрену үшін әкелді мені осы жаққа. Маған өте қатты ұнады. Мен басқа адамдармен де достасып алдым». 

Мәдени жоба аясында 200-ден астам бала былғары өңдеу, киіз басу, кілем тоқу, сүйек ою сынды ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша практикалық білім алып, шығармашылық қабілетін шыңдады.

Айзада Рақымжанова, жоба қатысушысының анасы:

«Екі баланы 1 айға жуық сабаққа алып келіп отырдым. Қыш құмыра, саз балшық жасаудан. Соның нәтижесінде мен балаларымның бойынан оң өзгерісті байқадым, расымен де. Себебі олар өте гиперактивный, көп қозғалыстағы балалар. Сабағы болған күні тыныш ұйықтағанын байқаймын. Баланың зейіні тынышталғанын, түзуленгенін байқаймын». 

Жобаға қатысу үшін 450-ден астам баладан өтінім кеп түскен. Конкурс барысында жартысына жуығы іріктеліп, тегін білім алу мүмкіндігін иеленді. Сол сияқты, шебер-тәлімгерлер арасында да қызығушылық жоғары болды. Еліміздің әр түкпірінен 330-дан аса өтінім тіркеліп, солардың ішінен үздік 10 қолөнер шебері ғана тәлімгер ретінде таңдап алынды.

Нұрлан Жақыбаев, "Қазақстан қолөнершілер одағының" мүшесі:

«Қолөнер бұйымдары жасау процесінде оқушылардың ұлттық мәдениетке көзқарасын, құрметін білдіреді және құйттай да болса ұлттық санасын қалыптастырады. Өзімнің жобама 20-дан астам бала қатысты. Ең кішісі 2-класс оқитын балалар, үлкені студент балалар. 100 пайыз балалар берілген тапсырманы орындап шықты. Бүгінгі күні оқушылардың қолымен қазақтың дәстүрлі бұйымы 31 дана торсық жасалып шықты». 

«Ұлттық қолөнер мектебі» дәстүр мен заманауи шығармашылық кәсіптердің жігін жалғайтын алтын көпірге айналмақ. Өскелең буынның арасынан қолөнерді кәсіби деңгейде жалғастырып, атадан қалған мұраны заманауи дизайнмен тоғыстыратын жас мамандар шығарына үміт мол.

Назым Кенжебай, Мұрат Әріпханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz