RU
Толық нұсқаға өту

Канье Уэст Алматыда концерт берді       

16.08.2026, 13:32 45

Кеше Алматыда америкалық рэпер Канье Уэсттің концерті өтті. Концерт алдында бірқатар кедергі туғаны белгілі. 

Іс-шараға бір ай қалғанда ұйымдастырушылар «Қайрат» футбол клубымен концерт өтетін күн бойынша келісімге келе алмай, билеттер сатылымы бір тәулікке кейінге шегерілді. Ал концерт белгіленген 14 тамызда қалада электр жарығы сөніп қалды. Артынша екпінді жел тұрып, нөсер жауды. Соған қарамастан көрермендер Орталық стадионға жиналған еді. Алайда күн райының құбылуына байланысты ұйымдастырушылар концертті келесі күнге ауыстыруға мәжбүр болды. Сөйтіп көптен күткен концерт кеше өтті. Жанкүйерлер ауқымды шоу тамашалап, рэпердің басты хиттерін тыңдады. 

Айсұлу Маратова, қала тұрғыны:

- Әлемдік стандартта өтіп жатқан концерт болғандықтан келіп өз көзіммен көруді ұйғардым. Бұл әнші басқа елдерде де концерт берді. Басқа елдегі концерттері жоғары деңгейде өтті. Алматыда да сондай деңгейде өтеді деген сенімдемін. 

Александр Ломоносов, турист:

- Біз билеттерді сатылым ашылған күні-ақ сатып алдық, ешқандай қиындық болған жоқ. Санкт-Петербургтен Алматыға бірден жеттік. Барлығы керемет. Шынымызды айтсақ, Алматы бізге қатты ұнады. Өте әдемі қала екен.

Дебора Лайт, турист:

- Мен Австралиядан келдім және Қазақстанда болғаныма өте қуаныштымын. Әншінің еркіндік, стандарттан тыс ойлау және өзгелер айтуға қорқатын нәрселер туралы ашық сөйлеу идеялары маған жақын. Мен оның осы шынайылығы мен батылдығын өте жақсы көремін.

Сахнаның басты элементі стадионның ортасында орналасқан Жер шарына ұқсас ауқымды құрылым болды. Бұл үшін 100 тоннадан астам құрал-жабдық жеткізілді. Шоу арнайы эффектілермен, отшашу және лазерлік қойылыммен әрленді. Көрермендер әсіресе дыбыс сапасы мен сахналық қойылымды жоғары бағалады. Рэпер концерт барысында көпшілікпен көп тілдеспеді. Негізгі хиттерін орындаған соң, ұзақ бөгелген жоқ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz