Әншілер «Жұлдызды жекпе-жекке» шығады. Көрерменнің көзайымына айналған жоба қайта оралды. Хабар арнасынан көрсетілетін тележобаның бесінші маусымының түсірілімі басталды.
Өнерпаздардың дайындығы қызу. Жеңіске деген құлшынысы жоғары. Халықтың сүйікті бағдарламасы көрерменге қандай тосынсый әзірледі.
Көрерменнің жүрегінен орын алған жобаның ұйымдастырушылары күндіз-түні түсірілім алаңында жүр. Біраз уақыт үзілістен кейін эфирге қайта оралған бағдарлама жаңалық пен тосынсыйға толы. Өткен маусымдарда жеңіске жете алмаған қатысушыларға осы жолы қайта бақ сынауға мүмкіндік беріледі.
Гүлнұр Мамасарипова, «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының бас продюсері:
- Бұл жобаға менде қандай да бір сағыныш бар. Әншілер үшін нағыз шығармашылық жоба. Қаншама өнер адамдарының басы бір студияда тоғысып жатыр. Мерекелік атмосфера керемет.
Сарапшылар сапында жезтаңдай әншілермен қатар, елімізге танымал актерлер де бар. Сондықтан қатысушылардың әншілік шеберлігі ғана емес, сахналық образы мен өзін-өзі ұстауы да бағаланады.
Диана Исмаил, әнші:
- Жоба бұрыннан келе жатыр. Қайта жаңғырып жатқанына қуаныштымын. Өзіміз де қатысамыз. Жобаның шарты бойынша үш ән айтамыз. Үшінші әніміз халық әні.
Әділет Жауғашар, әнші:
Барлық өнер жұлдыздары өнер көрсеткен жобаға қолдаушы болып келдім. Келгеніме өте қуаныштымын. Бәлкім қатысушы болып қалатын шығармыз деген ойдамыз. Барлығына сәттілік тілеймін. Бұл маусым өте қызық болатын сияқты.
Жобада барлығы 16 қатысушы. Олардың қатарында жас әншілер мен тәжірибелі орындаушылар бар. Ережеге сәйкес өнерпаздар бір-бірінің әндерін жанды дауыста орындауы керек. Жаңғырған жоба жас орындаушылардың жұлдызын жағары сөзсіз. Айта кетейік, қатысушылар қатарында Абзал Үтешов, Диана Исмаил, Жарқынай Ханайым мен Ұланғасыр Қами сынды әншілер бар.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Радик Жакупов
Тегтер #Хабар 24 #жаңалықтар #жұлдызды жекпежек #Алматы #бесінші маусымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz