Алматыдағы Ұлттық орталық музейде суретші Ақылбек Тампиевтің «Бабалар ізімен» атты көрмесі ашылды.
Экспозицияға автордың ұлттық мәдениет, табиғат, отбасы құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығын арқау еткен 55-ке жуық туындысы қойылған. Суретші өз шығармаларында тарих пен салт-дәстүрді заманауи көзқараспен ұштастырады.
Көрмеге қойылған туындылардың жанрлары әртүрлі, алайда айтар ойы ортақ. Бұл тарих пен бүгінді, табиғат пен адамды, ұлттық дәстүр мен отбасы құндылықтарын сабақтастыра көрсету. Суретшінің айтуынша, бабалар мұрасы – тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі ұрпақтың рухани күш-қуаты мен ұлттық болмысының негізі. Ал өнер сол байланысты сақтап, келер ұрпаққа жеткізудің бір жолы.
Тоққожа Қожағұл, суретші:
- Қазақстанның әр жерінің табиғатын салған жұмыстарында мұнда кішкене ғана жұмыстың өзі үлкен бір картинаға айналғандай әсер қалдырады. Өйткені оларда бояудың үндестігі, кеңістікті дұрыс шеше алуы, артқы план мен алдыңғы планға қарай ауысудың өзінің бірнеше шақырымға созылып жатқан даланың өзін көрсете білу бұл үлкен шеберлікті талап етеді.
Экспозициядағы ең жаныма жақын картинаның бірі – әкеме арнаған жұмысым, - дейді суретші. Көлемді полотнода көктемнің шуақты күнінде дамылдап отырған әкесін бейнелеген. Осы картинаға суретші бір жыл уақытын арнапты. Көрмедегі жұмыстардан әртүрлі жыл мезгіліндегі туған жердің әсем көрінісін көп кездестіруге болады. Кәсібилігі мен ішкі жан дүниесін үйлестіре білген суретші тұмса табиғаттан шабыт аламын, - дейді.
Ақылбек Тампиев, суретші:
- Қазақстанның қай жері болмасын керемет. Маған көбінесе өзіміздің арқаның жерлері ұнайды. Өзім Тараздың тумасы болсам да тауларды да жақсы көремін. Бірақ арқаның жеріне келген кезде әсер аламын, күш аламын. Қазақстанның ішінде көп саяхаттаймын. Көлікке мініп аламын да пленерге сурет салуға шығамын.
Экспозицияда қазақ этнографиясына арналған жанрлық композициялармен қатар, натюрморттар, шағын этюдтар мен автопортрет де бар. Сайын дала, тұрмыс пен құндылықтар астасқан рухани көрме 1 қыркүйекке дейін жалғасады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #суретші #көрме #мәдениетPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz