Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде жаңартылған Арт-зертхана өз жұмысын бастады.
Жаңа шығармашылық кеңістікпен Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы танысты. Министр бұл орталықтың жаңаруы жас суретшілерге және мәдениет саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті.
Ұлттық музейде орналасқан зертхана 2007 жылы құрылған. Жыл сайын мұнда 3000-ға жуық өнерпаз білім алып, қабілетін арттырды. Зертхана балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдайтын кеңістік ретінде жұмысын әрі қарай жалғастырады. Жобамен танысқан премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева өнерді мемлекеттік қолдау - мәдениет саясатының маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы мәдениет саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Саланы қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың арқасында бүгінде нақты нәтижелерге қол жеткіздік, - деді Аида Балаева. Бұл жобаны суретші қауым да құптап отыр.
Алпысбай Қазығұлов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Балалар, оқушылар, болашақ студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Бұрын біз оқып жүрген кездегі жоқ заттарды қазір осы жерге қойып жатыр. Бүкіл жағдай жасалған.
Зертханада 5 пен 17 жас аралығындағы балалар үшін шеберлік сабақтары, воркшоптар мен пленэрлер ұйымдастырылады. Жиырма жылға жуық тарихы бар зертханада елімізге танымал суретшілер мен еңбек сіңірген қайраткерлер дәріс өткізеді. Студияда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік қарастырылған.
Айша Үсентаева, студент:
- Зертханада бала кезімнен айналысып келемін, 10 жыл болды. Өте көп база берді десем болады. Мен зертханада суреттің реттілігін үйрендім. Бояулардың түрлерін игеріп алдым. Осы жерге демалыс күндері үнемі келіп тұрамын. Сурет салу қабілетін жоғалтпас үшін, болашақта өз мамандығыммен айналысқым келеді.
2025 жылы қаңтарда Президент жарлығымен Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейіне және Қазақстан Республикасы Орталық музейіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі жуырда Мемлекет басшысының «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағын енгізу туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Бұл отандық бейнелеу өнері мен осы салада еңбек етіп жүрген суретшілерге көрсетілген құрметтің белгісі.
Гүлайым Жұмабекова, Ә. Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің директоры:
- Мемлекет басшымыз өнер адамдарына үлкен дәрежелі «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағын, құрметін тағайындады. Ол біздің шығармашылық пен айналысатын өнер адамдары үшін өте үлкен қуанышты жаңалық. Бұл болашақта Қастеев сияқты мықты өнер адамдары болып шығатын балаларға жол ашылады.
Ал зертханада сабақ беруге арналған құрал-жабдықтар мен суретшілердің туындыларын таныстыратын кәсіби фотокеңістік жасақталған. Сондай-ақ музейде цифрлық портал жаңарған. Енді келушілер көрме мен музей қорын онлайн, 3Д форматында да тамашалай алады. Жоба «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен іске асты.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев, Айбек Ақшолақов
Тегтер #Хабар 24 #жаңалықтар #Алматы #музейPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz