Бүгінде қазақ әдебиетін әлемнің 125 елі оқиды. Еуропа мен АҚШ-тан бастап, Қытай мен Таяу Шығыста ұлт әдебиетіне қызығушылық артып келеді.
Отандық авторлардың еңбектері ондаған тілге аударылып, шет елдерде жарық көріп, әлемнің жетекші кітапханалары мен университеттерінің қорына еніп жатыр. Қазақ қаламгерлерінің шығармалары тағы қай мемлекеттерде кеңінен танылған?
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының антологиялары БҰҰ-ның алты ресми тіліне – ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріне аударылып, жарық көрді. Таралымы 120 мың дана болатын жинақтар 90-нан астам елдегі 23 мыңнан астам кітапханаға, жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу орталығына таратылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, классикалық туындылармен қатар, қазіргі қазақ прозасын оқитын шетелдік оқырмандардың қарасы көбейіп келеді.
Кейінгі жылдары қазақ әдебиетін өзге тілдерге аудару жұмысы қарқын алды. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы испан тілінде, Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармалары ағылшын тілінде, ал Дулат Исабековтің «Қарғын» романы француз тілінде жарық көрді. Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармасы мен Ілияс Есенберлиннің «Айқас» романы қытай тіліне, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі француз тіліне аударылды. Танымал повесть бұған дейін де бірнеше тілде басылып шыққан болатын. Сонымен қатар шетелдік оқырмандардың қазақ классикасына деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді.
Бүгінде Ұлттық академиялық кітапхана ресурстарын әлемнің 120 еліндегі оқырмандар пайдаланады. Ал Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасына 125 мемлекеттен пайдаланушылар кіреді. Шетелдік аудитория әсіресе қазақ әдебиетіне, Қазақстан тарихына, түркі әлеміне арналған зерттеулерге сондай-ақ сирек басылымдарға қызығушылық танытады.
Нұржан Жолдыбалинов, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының ақпараттық ресурстар бойынша орынбасары:
- Бізде қазіргі таңда 86 мыңнан аса толық мәтінді құжат бар. Олардың қатарында кітаптар, сирек кітаптар, қолжазбалар, диссертациялар, авторефераттар және аудио форматтағы материалдар да бар. Google Analytics статистикасына сәйкес, біздің кітапханаға 125 елден оқырмандар кірген. Үздік бестікті атап өтсек, олар – Ресей, Өзбекстан, АҚШ, Франция және Түркия. Сонымен қатар Португалия, Бразилия, Жапония сияқты алыс елдерден де оқырмандарымыз бар. Электрондық кітапханамызда материалдар 65 тілде ұсынылған. Олардың қатарында ескі шағатай, парсы, араб және басқа да көптеген тілдер бар.
Шет мемлекеттерде қазақ әдебиеті орталықтарының желісі дамып келеді. Мұндай орталықтар 41 елдің ұлттық кітапханаларында, соның ішінде Мажарстан, Түркия, Қытай, Франция, Жапония, АҚШ, Италия, Финляндия және Бразилияда жұмыс істейді. Олардың кітап қоры бізде жарық көрген жаңа басылымдармен тұрақты түрде толықтырылады.
Қазақ әдебиеті орталықтары 41 елде бар
Нұржан Жолдыбалинов, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының ақпараттық ресурстар бойынша орынбасары:
- Бұл үлкен жоба 2018 жылдан басталған. 41 елге қазақ әдебиетімізді, кітаптарымызды, материалдарымызды ұлттық кітапханаларға, тек қана ұлттық емес, басқа да академиялық кітапханаларға ұсындық. Ол жерден арнайы бұрыштар ашылды. Елшіліктермен бізде келісімшарт бар егер бізге жаңа кітаптар түсіп жатқан болса, біз сол бұрышқа елшілік арқылы жіберіп отырамыз.
Отандық баспалар жыл сайын Франкфуртер Бухмессе, Боло́нья Чи́лдренс Бук Фэ́ар, сол секілді Лондон, Абу Даби, Бейжің халықаралық кітап көрмелеріне қатысады. Мәселен, былтыр Қазақстан Франкфурт кітап жәрмеңкесінде 137 кітапты, Болоньядағы балалар әдебиетіне арналған кітап жәрмеңкесінде – 24 үздік шығарманы, Абу-Дабидегі халықаралық көрмеде 27 таңдаулы басылымды таныстырды.
Тегтер #кітап қоры #қазақ әдебиеті #отандық авторлар #Таяу Шығыс
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz