Венадан Буэнос-Айреске дейін. Ертең Алматыда осындай атаумен классикалық музыка кеші өтеді.
Концертте халықаралық байқаулардың лауреаты, дарынды скрипкашы Ерасыл Хамит өнер көрсетеді. Дирижер Ілияс Дүйсен жетекшілік ететін Алматы Фестиваль Оркестра көрерменге әлемдік классиканың жауһарларын ұсынады.
Ерасыл Хамит – әлемде танылып келе жатқан жас музыкант. Білімін Зальцбург пен Венада шыңдаған. Былтыр Испанияда өткен CullerArts халықаралық скрипкашылар байқауында І орынды иеленді. Сондай-ақ дарынды қазақ баласы Италияда Рим Папасы Францискке жеке концерттік бағдарламасын ұсынды. Ал туған жері Алматыда алғаш рет өнер көрсеткелі отыр.
Ерасыл Хамит, скрипкашы:
- Бұл концертті беруімнің бірнеше себебі бар. Ең бастысы, биыл менің арғы атам – Қазақстанның халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиевтің туғанына 110 жыл толып отыр. Мен сол кісінің ұрпағымын. Концертімді атамның рухына арнаймын. Отанымда өнер көрсетудің орны бөлек. Дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Өте қуаныштымын.
Ерасылмен бірге ата-анасы да сахнаға шығады. Олар кәсіби скрипкашылар. Осы кешке қатысу үшін Санкт-Петербургтен келді.
Салтанат Қадырсейітова, Ерасыл Хамиттың анасы, скрипкашы:
- Әрине, іштей толқыныс болады ғой. Балама ризамын, бізді концертке шақырып, өзімен бірге ойнауға мүмкіндік бергеніне. Бұл – біздің арманымыз болатын. «Үлкейгенде үшеуіміз бірге ойнасақ екен» деп армандайтынбыз. Сол арманымыз орындалған сияқты.
Концерттік бағдарламасына әлемдік классикалық музыканың белді өкілдері – Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған концерті және Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» циклі енген.
Ілияс Дүйсен, дирижёр:
- Біз бар ынта-жігерімізді салып дайындалып жатырмыз. Өнерсүйер қауым бей-жай қалмайды деп сенемін. Оркестрде ойнайтын музыканттардың барлығы жақсы. Алматыдан ғана емес, басқа қаладан келгендер бар. Әрине, құрметті қонақтарымыздың арасында Ерасылдың ата-анасы бар.
Қазіргі уақытта Ерасыл Хамит Вена музыка және орындаушылық өнер университетінде шеберлігін шыңдап жүр. Осы күзден бастап Вена радиосы симфониялық оркестрінің құрамында өнер көрсетеді. Алматыдағы кеш 27 тамызда Құрманғазы атындағы консерваторияның үлкен концерт залында өтеді. Кіру тегін.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев
Тегтер #Алматы #концерт #скрипкашы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz