Қазақстан театрлары жаңа маусымды тың қойылымдармен, халықаралық жобалармен және жаңарған инфрақұрылыммен ашады, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2025–2026 жылғы маусымда еліміздің театрларында 16 мың спектакль қойылып, 410 премьера сахналанды. Қойылымдарды 2,8 млн-нан астам көрермен тамашалаған.
Жаңа маусымда отандық театрлар репертуарын жаңа қойылымдармен толықтырып, шетелдік гастрольдерін жалғастырады.
«Астана Балет» XIV театр маусымын 28 және 29 тамызда Корей ұлттық балетінің гастролімен ашады. Көрерменге Адольф Аданның музыкасына жазылған «Корсар» балеті ұсынылады. Алдағы уақытта театр ұжымы Вьетнам, Франция және Аустрияда өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
«Астана Опера» жаңа маусымын 4 және 5 қыркүйекте Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашады. Биыл композиторлардың туғанына 120 жыл толуына байланысты қойылымға ерекше мән беріліп отыр. Сондай-ақ маусым барысында «Чарли и Ирэн», «Томирис» балеттері мен балаларға арналған «Арман» музыкалық спектаклінің премьералары өтеді. Театр балет труппасының Италияға және Қазақстан өңірлеріне гастрольдерін де жоспарлаған.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-маусымын «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасымен бастайды. Қойылым Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының желісі бойынша сахналанған. Бұл шығарма балет жанрында алғаш рет ұсынылып отыр.
Балаларға арналған қойылымдарға да ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылдың алғашқы алты айында еліміздің театрларында 3 948 балалар спектаклі көрсетіліп, оларды 559 885 жас көрермен тамашалаған.
Биыл Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Театрдың «Ұлпан» спектаклі Бішкекте өткен «ART-ORDO» халықаралық театр фестивалінде Гран-при жүлдесін иеленді.
Қазақстандық театрлардың халықаралық байланысы да кеңейіп келеді. 2026 жылдың алғашқы жартысында еліміздің театрлары 407 гастроль ұйымдастырған. Оның 394-і Қазақстан ішінде, 13-і шетелде өткен. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Сингапурде, ал Ғабит Мүсірепов атындағы театр Түркияда өнер көрсетті.
Отандық театрлар халықаралық байқауларда да жүлделі орындарға ие болды. «Астана Опера» театрының «El Voice» вокал тобы халықаралық фестивальде Гран-при жеңіп алса, театр скрипкашысы Бағдат Әбілханов Қытайдың Далянь қаласында өткен халықаралық байқауда І орын алды.
Театр ғимараттарын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры қайта жаңғыртылуда. Жоба тарихи келбетті сақтай отырып, инженерлік жүйелерді жаңартуды және көрермендер мен шығармашылық ұжымға заманауи жағдай жасауды көздейді.
Ал Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанның құрылыс дайындығы 98%-ға жеткен. Театр ғимараты 7 қарашада қайта ашылады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #театр #премьера #жаңа маусымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz