Алматыда «Венадан Буэнос-Айреске дейін» атты концерт аншлагпен өтті.
Кеш барысында веналық классиканың көркем сазы мен аргентиналық тангоның ырғағы қатар өрілді. Кештің басты солисі Вена радиосының симфониялық оркестрінде өнер көрсетіп жүрген қазақстандық скрипкашы Ерасыл Хамит болды. Музыканттың өнерін көрермен қалай қабылдады?
Ерасыл Хамит Қазақстандағы алғашқы концертінде XVIII ғасырға тиесілі француз скрипкасында өнер көрсетті. Бұл талай дәуірдің үнін жеткізген құнды жәдігер. Скрипкашыға бұл аспапты Рим Папасы Францисктің алдында жеке өнер көрсеткеннен кейін сыйға беріпті. Өнерпаз көне аспапта Бетховеннің ішекті ансамбльге арналған бағдарламасын орындады. Сонымен қатар көрермен назарына Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» шығармасы ұсынылды.
Ерасыл Хамит, скрипкашы:
- Концертке небәрі үш күн дайындалдық. Мұндай ауқымды бағдарлама үшін бұл өте аз уақыт. Соған қарамастан, шығармаларды бір арнаға тоғыстырып, маңызды тұстарының бәрін пысықтап үлгердік. Ұжымдағы өнерпаздардың әрқайсысы үлкен ынтамен жұмыс істеді. Барлығы бар күшін салып өнер көрсетті.
Музыка кешіне жиналған көрермен көп. Тіпті залға сыймай қалды. Концерт аяқталғанда жұртшылық өнерпаздарды ұзақ қол соғып, ыстық ықыласпен шығарып салды.
Қорлан Халилова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ішекті аспаптар кафедрасының меңгерушісі:
- Концертке үлкен-кіші жиналды. Мұндай жақсы дүниені танып-білуге, жаңа музыканттарды көріп, тыңдауға ұмтылатын жастардың қарасы қалың. Бұл жерде еңбек ететін оқытушыларымыз да келіпті. Сондай-ақ консерваторияға әрдайым қуана келетін қала тұрғындары да бар. Олар концерт тыңдап, рухани дүниесін байытқысы келеді.
Ерназар Ғимарат, пианист:
- Қазақстанның жас музыканттары шетелде жүріп, өнер көрсетуі және қайтып келуі біз үшін үлкен мәртебе. Керемет Бетховенның туындысын қазіргі таңда алып келіп, сонау Венадан алып келіп, қазақтарға, өзіміздің қазақстандық жас орындаушыларға өз кәсіби шеберлігін көрсетіп жатқан Ерасылға мың да бір рақмет.
Ерасыл Хамиттің Алматыдағы дебютін отбасылық концерт десек те болады. Сахнада онымен бірге ата-анасы да өнер көрсетті. Екеуі де Құрманғазы атындағы консерваторияның түлектері. Скрипкашы алдағы уақытта әлемнің түкпір-түкпірінде өнер көрсетуді армандайды. Дегенмен, туған елге ат ізін жиі салуды көздеп отыр.
Ернұр Рысбай, Василий Павлиди, Валентин Лобанов
Тегтер #Вена #Буэнос Айрес #концерт #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz