RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда «SHUBAT FEST-2026» жеңімпаздары анықталды

31.08.2026, 12:10 30

Ақтауда республикалық «SHUBAT FEST-2026» байқауының жеңімпаздары анықталды. Амфитеатр алаңында өткен ауқымды шараны 15 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Ұлттық өнім дәріптелген сайыста Атырау, Қызылорда, Түркістан және Маңғыстаудың үздік шұбат өндірушілері өзара сынға түсті. Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен байқаудың бас жүлдесі Жаңаөзен қаласының «Бірлік» шаруа қожалығына табысталды.

Танымдық байқауға 83 өтінім келіп түсті. 41-і алдын ала іріктеуден өтті. Кейін олардың өнімдері зертханалық сараптамадан өткізіліп, нәтижесінде 20 қатысушы сайыстың қорытынды кезеңіне жолдама алды. Көрермен шұбаттан бөлек, түйе сүтінен әзірленген коктейль, балқаймақ, құрт, кофе, балмұздақтан дәм татты. Сәйкесінше, түрлі аталым бойынша үздік өнімдер көпшіліктің дауыс беру арқылы анықталды.

Махаббат Назкенова, байқауға қатысушы:

- Кофе мен түйе сүтінен жасалған десерттен 1-орын алып шықтық. Дәмін татқызып тұрмыз халыққа. Ерекшелігі, түйенің сүті жұмсақтық береді кофеге. Жалпы, мұны бұрыннан істейміз үйде де, балаларға да.

Гастрофестиваль түйе сүтінен дайындалатын сусынды материалдық емес мәдени мұра ретінде қорғауды, ғылыми тұрғыдан зерделеу-насихаттауды көздейді. Сайыс барысында шұбат дайындаудың дәстүрлі және жаңаша әдіс-тәсілдері таныстырылды. Шұбат өндірушілер ата кәсіпті енді қол алған азаматтарға өз тәжірибесімен бөлісті.

Қуанышбай Озғанбаев, қазылар алқасының мүшесі:

- Бала кезімізден ішіп үйрендік. Шұбат түйенің тұқымына байланысты. Аруана түйе бар, мая түйе бар. Сосын оның жайылымы, өрісіне де байланысты. Фестиваль керемет іс-шара. Ұлттық сусынымызды дәріптеуге, дүниежүзіне танытуға өте керек деп ойлаймын.

«Үздік шұбат» деп аталған басты аталым бойынша 3 орын Бейнеу ауданының «Нұр-Абыл» шаруа қожалығына, 2 орын Атырау өңірінен келген «Орынбасар» шаруа қожалығына берілді. 1 орынға  Ақтаудың «Толқын» шаруа қожалығы лайық деп танылды. Автокөлік тігілген Гран-при жүлдесі жаңаөзендік кәсіпкерге табысталды. Салтанатты шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертпен аяқталды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz