RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан алғаш рет Парижде фильм түсіріп жатыр

31.08.2026, 21:44 27

Қазақстандық кино алғаш рет Парижде түсіріліп жатыр.

Франция астанасында «Жәмилә Парижде» драмедиінің түсірілімі өтуде. Tiger Films кинокомпаниясының халықаралық жобасы екі елдің киноматографистерін бір алаңда тоғыстырды. Ал фильмнің премьерасы келер жылдың көктеміне жоспарланған.

Қазақстандықтардың Парижде толық метражды фильм түсіріп жатқаны алғаш рет. Осы тарихи сәттен естелік әрі алғыс белгі ретінде киноның дәстүрлі шыны ыдысын актер Азамат Сатыбалды Қазақстан елшілігіне табыстады. Жобаға екі елдің дипломаттары қолдау көрсетіп отыр. Түсірілім тобы да халықаралық мамандардан құралған.

Азамат Сатыбалды, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Бұл бірінші түсірілім, әрине бұл тарих, мәртебе біз үшін. Мен ойлаймын, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың дәлелі ретінде бұл кино үлкен бір деңгейге жетеді деп.

Картинаның бас кейіпкері қазақ ауылында ағылшын және француз тілдерінен сабақ беретін жас мұғалім Жәмилә. Тағдырдың жазуымен ол арман қала Парижге келіп, махаббатын кездестіреді.

Аружан Тимур, актриса:

- Шын өмірде де мен осы екі тілді жақсы көремін, өзім үшін үйренгенмін. Және соңында өзінің арманын орындауға осы арман қала Парижге келеді. Соңы өте қызық бітеді, сол себепті ол жағын әлі айта алмаймыз. 

Жасұлан Көпберген, актер:

- Париж қаншама адамның арманы және сол арман елде, арман қалада біз жай ғана қыдырып қана қоймай үлкен дүние түсіріп жатырмыз. Бұл мен үшін әрине өте қуанышты, бірақ ең басты мақсат қазақ киносын жаңа бір деңгейге шығару.

Түсірілім Париждің түрлі орындарында жүріп жатыр. Фильмнің премьерасы 2027 жылдың көктеміне жоспарланған. Туынды авторлары картинаны қазақстандық көрерменмен бірге келешекте француз аудиториясы да жылы қабылдайды деп үміттенеді. 

Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz