Бельгияның Гент қаласында Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтті. Ана тіліміздің мәртебесін арттыруға бағытталған мерекеге қазақша үйреніп жүрген қандастарымыз бен шетелдіктер қатысты.
Бельгиялық Максим мен Робин «Тамыры қазақ» мәдениет орталығының белсенді мүшелері. Бүгінгі мерекеге бірі тақия, бірі шапан киіп келіпті. Екеуі де қазақ тілін үйреніп жүр. Қолдарындағы Дулат Исабековтың «Ең бақытты түн» кітабын түпнұсқада оқып, түсінгісі келеді. Шетелдіктердің пікірінше, әрбір азамат өзінің ана тілін құрметтеуі керек және тағы бір тіл үйренсе артық етпейді.
Максим Вердот, Гент қаласының тұрғыны:
- Жаңа тілде сөйлеп, оны түсінген кезде ғана сол халықтың мәдениетіне терең бойлай бастайсың. Оны біреудің аудармасы арқылы толық ұғыну мүмкін емес. Сол себепті тіл үйренудің маңызы зор деп ойлаймын.
Робин Ван Дейк, Гент қаласының тұрғыны:
- Әлемде ағылшын тілі сияқты кеңінен тараған ірі мәдениеттер бар. Солардың көлеңкесінде қалып қоймау үшін әр халықтың өз ана тілінде сөйлеп, оның қайталанбас ғажап үнін сақтап қалу өте маңызды.
Бұл күні жиналғандраға бай мәдениетіміз туралы дайындалған викториналық сұрақтар қойылды. Сондай-ақ оларға ұлы классиктердің қазақ тілінде жазылған шығармалары сыйға тартылды. Мәдени орталық мүшелері «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына қатысып, өз үлесін қоспақшы.
Күнсұлу Бекіш, «Тамыры қазақ» мәдени орталығының еріктісі:
- Мәдени орталығымызға сыйлық ретінде кітаптар берілді. Біздің студенттеріміз, оқушыларымыз бұны қуана қабыл алды. Және де болашақта қазақ тілінде бүкіл кітапты оқуға талпынады деп үміттенеміз.
«Тамыры қазақ» мәдени орталығы жақында ғана ашылды. Аз уақыт ішінде ұлт жанашырлары қуана кездесетін орынға айналып үлгерді. Мұнда олар қазақ тілін үйреніп, фольклорға негізделген қуыршақ театрының өнерін тамашалайды, салт-дәстүрлерімізді меңгеріп, ою-өрнек кестелейді.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #24KZ #Бельгия #Тамыры қазақ мәдени орталығы #Гент қаласыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz