RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да «Еңсесі биік Егіндікөл» атты туриада өтті

06.09.2026, 09:40 33

Іс-шараға қатысушылар Қобыланды шапқан сайлармен өтіп, кезінде Алшағыр ханның ордасы орналасқан Аққұм ландшафты қорықшасында болды. 

Құрылтайдың алғашқы отырысында Президент «Біздің төл тарихымыз – қазіргі және келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама», - деген болатын.  Отанды сүю  алдымен туған жердің тарихын терең танудан басталады. Ендеше, осындай туриаданың жас ұрпаққа берері мол.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Құм қойнауында құпия көп. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарының шекарасында орналасқан Аққмұның ені – 8,  ұзындығы – 18 шақырымды алып жатыр. Тарихи деректерге сенсек, XII ғасырларда мұнда қала болған деседі. Ал аңыз-дастандардың баяндауынша, осы жерде орта ғасырларда Алшағыр ханның ордасы орналасқан көрінеді.

Өлкетанушылардың пікірінше, «Қобыланды батыр» жырындағы оқиғалар дәл осы жерде өрбіген. Егіндікөл мен Сегізсай ортасында Қобыланды шапқан сай деген сайлар кездессе, «Бүйір, бүйір, бүйіртау, қыземшекті сүйір тау» деп сипатталатын Қыземшек шоқысы 30 шақырымда орналасқан. Көрші Сырым ауданындағы Тоғанас ауылы атауына да осы жыр кейіпкерінің есімі арқау болуы әбден мүмкін. Қобыланды батырдың іргелес Қобда ауданында жерленуі сөзіміздің кезекті дәлелі. Құм көшкен сайын мұнда көне қарулар жер бетіне шығып қап жатады. Сегізсайлық Нұрболат Кенжебаев мына қылышты қой бағып жүріп тауып алыпты.

Нұрболат Кенжебаев, Сегізсай ауылының тұрғыны:

- Атпен келе жатып, сабы шығып жатқан. Оны біреуден түсіп қалған пышақ деп ойлағанмын. Енді қамшымен көтерсем, қылыш екен. Үйде тұрады. Сұрағандар болды, берген жоқпын. Құм көшкенде шығып қалып тұр ғой. Үстінен шығып қалдым. Біреуге кездеседі, біреуге кездеспейді.

Аты аңызға айналған Аққұмды қоршай Қалдығайты өзені ағып жатыр. Сол себепті де адам аяғы баспаған, тұмса табиғаты бұзылмаған жер. Аппақ шағылдың арасында аң мен құс мол. Бүгінде бұл орын ерекше қорғалатын табиғи аймақтар санатында.

Дархан Айтқалиев, қорықшы:

- «Аққұм» мемлекеттік қорықшасы 1992 жылы құрылған. Жалпы аумағы 7900 гектарды құрайды. Ерекшелігі айналасын түгел орман мен су қоршап жатыр. Көлік кіре алмайды. Жаяу адам мен ат қана кіреді. Сондықтан айналада аңшылардан, адамдардан үркіген аң-құстың бәрі осының ішіне кіріп паналайды. Бұл сондай бір аңдарға ерекше қорғалатын  аймақ болып тұр. Құм ылғал болған соң, өсімдіктерден қарағай өздігінен жақсы шығады.

Осы тарихи орынды жастарға таныту мақсатында «Еңсесі биік Егіндікөл» атты туриада өткізді. Іс-шараға қатысушылар екі ауылдың ортасындағы 16 шақырымды жаяу және атпен жүріп өтті. Жолшыбай қасиетті орындарға аялдады

Нұртас Сафуллин, өлкетанушы:

- Ерте заманда аңыз бойынша Алшағыр ханның ордасы болған дейді. Қарақыпшақ Қобыланды келіп шауып, қаланың қираған орны күл-талқан болғасын, осындай құмға айналыпты дейді.  Хан қақпасы деп аталатын бір жері бар. Соған қарағанда ертеректе тарихи орын болған сияқты шынымен де. Сондай дәлелдер келіп тұр өзінің. Әр жылдары  әртүрлі адамдар зерттеген. Бірақ өте түбегейлі, түпкілікті қорытынды шығарылған дүниелер осы күнге дейін  шықпаған.   

Аққұмның шағылдары қаншалықты биік болса, қойнауындағы құпиясы да соншалықты салмақты. Айналасында 300-дей оба бар. Алайда 2000 жылдардың басындағы археологиялық қазба жұмыстары аяқсыз қалған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz