RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған көрме ашылды

08.09.2026, 22:09 43

Түркістанда мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің жанашыры, көрнекті этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өзбекәлі Жәнібеков және «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы» көрмесі ашылды.

Сонымен қатар «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасының зерттелуі» тақырыбында мәдени-тағылымды кеш өтті.

Өзбекәлі Жәнібековтің жеке заттары мен архивтік құжаттар көрмеге қойылды. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған іс-шарада 100-ден астам жәдігер жұрт назарына ұсынылды. Жиында ұлт мәдениеті мен өнерін өркендетуге үлес қосқан тұлғаның ұлы Бауыржан Жәнібеков әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті.

Бауыржан Жәнібеков, Ө.Жәнібековтің ұлы:

- Әке ретінде ол кісі қатал адам болды. Бізді қатты ұстады. Алайда жұмысбасты  болғандықтан біз біраз еркін өстік. Үйде өзінің кітапханасы болды. Аптасына бір рет бізді жинап, кітаптарды сүртетінбіз. Сол кезде ғана бізде әкемізбен сөйлесуге уақыт болатын. Жұмыстан келген соң «Времяны» қарап, жарты сағат дем алатын. Содан кейін кабинетіне кіріп түнгі 03:00-ге дейін жазу жазып, таңертең жұмысқа кететін.

Одан кейін тағлымды іс-шара қалалық мәдениет үйінде жалғасты. Дара тұлғаның ел тарихы мен мәдениетіне сіңірген еңбегі сараланып, оның рухани мұрасы жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылды. Шәкірттері мен тәрбиесін көрген азаматтар қоғам қайраткерінің азаматтық болмысы жайында айтты.

Қанат Тұяқбаев, Ө.Жәнібековтің шәкірті, шебер:

- Ол кісінің бір әдеті – күнде кешкі 18:00-де министрлікке келіп, істеген жұмысымыздан хабар алатын. Одан шыққан соң кітапханаларда, музейлерде, театрларда реставрация жүргіземіз ғой, соған дейін жаяу барып, жаяу аралап қайтатын. Ол да бізге берген тәрбиесі. Ол кісі бізге тек жұмысты қалай атқаруды үйреткен жоқ. Өмірді қалай сүруді үйретті. Адал болуды, адам болуды үйретті.

Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ мәдениеті мен руханиятын дамытуға, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Оның тікелей жетекшілігімен елімізде 100-ден астам музей ашылып, жүздеген тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынды. Ал мерейтойлық іс-шаралар легі театрда өтетін «Арқалықтың ақ таңы» театрландырылған қойылымымен қорытындыланады. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz