Астанада және Алматыда өткен концерттерінен кейін әлемге танымал әнші Энрике Иглесиас аудиториясы 18,5 млн адамды құрайтын Instagram парақшасында Қазақстанға арнап жазба жариялады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан, екі ұмытылмас кеш үшін тағы да рақмет! – деп жазды Энрике Иглесиас.
Бұл өнерпаздың Қазақстандағы алғашқы концерттері болды. Ол 3 қыркүйекте «Астана Аренада», 5 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өнер көрсетті.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматының өзінде шетелдік орындаушылардың қатысуымен 49 концерт өтті. Ал 2026 жылы халықаралық шаралар күнтізбесі одан әрі кеңейді. Биыл Deep Purple, Megadeth, Ricky Martin және Enrique Iglesias сияқты әлемдік жұлдыздар Қазақстанда концерт берді. Сонымен қатар Cirque du Soleil гастрольдері, Park Live фестивалі және басқа да ірі шаралар ұйымдастырылды.
Орталық Азия үшін мұндай күнтізбе әзірге ең ауқымды әрі тұрақты болып отыр. Халықаралық концерттер мен фестивальдердің көлемі бойынша Қазақстан біртіндеп өңірдегі негізгі оқиғалар орталығына айналып келеді.
Бұл үрдіс енді тек мәдениет саласымен шектелмейді. Концерттер мен спорттық жарыстар қонақүйлердің, мейрамханалардың, көлік пен әуе қатынасының жүктемесін арттырады. Сонымен қатар бұған дейін Қазақстанды жеке туристік бағыт ретінде қарастырмаған шетелдіктерді елге тартуға мүмкіндік береді.
Mastercard деректеріне сәйкес, Алматыда Jennifer Lopez концерті кезінде шетелдік карталар арқылы жасалған төлемдер 11%-ға артқан. Ал «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы кезінде бұл көрсеткіш 16%-ды құраған.
Кірме туризм бойынша жүргізілген бағалауларда мұндай сапарларға келген шетелдік қонақтың орташа шығыны шамамен 1500 доллар болған.
Туристердің сапар бағыты да өзгеріп келеді. Бұған дейін әлемдік деңгейдегі әртістердің концерттеріне бару үшін көрермендер көбіне Еуропаға, Дубайға немесе Ыстамбұлға аттанатын. Қазір ірі халықаралық шаралардың өзі Қазақстанға келуге себеп бола бастады.
Бұл – оқиғалы туризмнің негізгі мәні. Яғни әлемдік жұлдызды елге шақырумен ғана шектелмей, белгілі бір шараны туристің Қазақстанға сапар жасауына себепке айналдыру және ел туралы жағымды әсер қалыптастыру.
Ірі халықаралық шараларды сапалы өткізу де маңызды. Мұндай іс-шаралар ұйымдастыру деңгейі, қауіпсіздік, сервис және көрермендердің мәдениеті бойынша бағаланады.
Мысалы, Астанадағы концерттен кейін жастардың бір бөлігі стадион аумағын тазалауға көмектесті. Бұл шағын ғана көрініс болғанымен, осындай әрекеттер өткізілетін алаңның және жалпы елдің беделіне әсер етеді. Өзінен кейін қоқыс қалдырмау – мәдениетті адамның қалыпты әрекеті.
Осы тұрғыдан алғанда, Иглесиастың Қазақстанға айтқан жылы лебізін жай ғана кезекті комплимент деп қабылдауға болмайды. Бұл – Қазақстанның халықаралық гастрольдер картасында танымалдығы артып келе жатқанының бір белгісі.
Қазақстан Орталық Азиядағы оқиғалы туризмнің көшбасшысы болуға барған сайын жақындап келеді.
Тегтер #Энрике Иглесиас #24жаңалықтар #24KZ #әлемге танымал әнші #концертPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz