RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда «Жасмин мен Балу» фильмі көрерменге жол тартты

17.09.2026, 20:55 46

Қазақ кино өндірісі тағы бір туындымен толықты. Алматыда «Жасмин мен Балу: Ерекше достық хикаясы» фильмінің тұсаукесері өтті. Кинокартина драма жанрында түсірілген.

Премьераға фильмнің режиссері Алёна Алмаз бастаған шығармашылық топ қатысты. Оқиға желісі кішкентай науқас қыз бен Балу есімді байкердің кездейсоқ танысуымен өрбиді. 

Қазақ байкері жайлы фильм бұрын болмаса керек. Салтанатты кешке жолбарыстай гүрілдеген мотоциклмен келген актерлер көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал экрандағы оқиға полициядан қашқан Балудың ауруханаға жасырынуынан өрбиді. Ол Жасминнің палатасына тап болады. Қыз оны қуғыншылардан жасырып қалады. Осылайша, екеуінің достығы тосын кездесуден басталады.

Нұржан Еркінұлы, сценарий авторы:

- Біз фильмге әртүрлі ой салуға тырыстық. Мысалы, ол жерде бір картинаны көргенде әртүрлі ой келеді. Жауапкершілік, достық жайлы және соңғы кезде өзімізді де мазалап жүрген ер адамдардың есейуі жайлы жақсы бір оқиға жасап көруге тырыстық.

 

Жасминнің тағдыры Балудың өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Бұған дейін тек өз басын күйттеп келген жігіт енді жетім, әрі науқас қыздың арманын орындауға ұмтылады. Кейіпкерлердің ішкі өзгерісін экранда шынайы көрсету үшін актерлер тыңғылықты дайындалған. Басты рөлдерде Олжас Әлжанов пен Лейла Тілесбай ойнайды.

Олжас Әлжанов, актёр:

- Бұл жоба маған оңайлықпен келген жоқ. Өйткені ең бірінші маған салмақ жағынан оңай болмады. Осы жоба үшін 10 киллограмдай салмақ тастадым. Арнайы мына артымда тұрған үлкен мотоцикл Харли Дэвидсонды айдап үйрендім. Өйткені салмағы да үлкен 400 кг.

Кинодағы байкерлер ойдан шығарылған кейіпкерлер емес. Түсірілімге күнделікті ауыр мотоцикл тізгіндейтін тәжірибелі шабандоздар қатысқан. Олар фильмнің шынайылығын арттыруға атсалысыпты. Картина бүгіннен бастап кинотеатрларда көрсетіледі. 

Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz