Биыл Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының құрылғанына 80 жыл толды.
Осы уақыт ішінде өнер ұжымы бірнеше буын көрерменге рухани тәрбие беріп, талай таланттың талабын ұштады. Мерейтойға орай Алматыда спектакль-концерт өтіп, халықаралық конференция ұйымдастырылды.
Ғабит Мүсірепов театры мерейлі датасын халықпен бірге атап өтті. Көктөбеде өткен спектакль-концертке Алматы тұрғындары мен қала қонақтары жиналды. Сахна төріне театр ардагерлері Лидия Кәден мен Гүлжамал Қазақбаева, әншілер Меруерт Түсіпбаева, Мақсат Рахмет және «Заман» тобы өнер көрсетті.
Гүлжамал Қазақбаева, Қазақстанның халық әртісі:
- Бұл мереке біздің театрдың ғана мерекесі емес, бұл – қазақ өнерінің мерекесі. Өйткені айтулы театрымыздың, біздің Ғ. Мүсірепов атындағы театрымызға 80 жыл толып отыр. Бүгін өзінің дәстүрі, мектебі бар, сондай үлкен театрдың мерекесі.
Мерейтойлық шаралар мұнымен шектелген жоқ. Айтулы күнге орай «80 жылдық сахна сыры: рух, өнер, ізденіс» атты халықаралық конференция өтті. Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың театр ұжымына жолдаған құттықтау хаты оқылды. Онда «Сексен жыл ішінде театр қазақ сахна өнерінің көркемдік өрісін кеңейтіп, бірнеше буын көрерменнің рухани дүниесін байытқан, ұлттық драматургиямыздың үздік туындыларын ұлықтаған іргелі өнер ордасына айналды», - делінген.
Талғат Есеналиев, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:
- 1946 жылы театр ашылды. Содан бері қаншама халық әртістері болды. Әмина Өмірзақова апамыздан бастап, осы театрда жұмыс істеді. Бүгінде екі Халық әртісі жұмыс істейді. Ол біздің танымал Лидия Каденова апамыз, Гүлжамал Қазақбаева апамыз. Сағызбай Қарабалин ағаларымыз бастаған орта буын, жас буынды тәрбиелеу жұмыстары жүріп жатыр.
Райхан Қалиолдина, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі:
- Осы театрда еңбек етіп келе жатқаныма 43 жыл болды. Менің сүйікті ұжымым. Біздің театрымыз баяғыда «Алтын кілт» деген спектакльмен ашылған екен. Аққағаз Мәмбетова деген апай біздің сахнада бірінші «Буратино» болған екен. Көптеген қазақ сахнасының мақтаныштары осы театрдан өрбіген.
Балалар мен жасөспірімдер театры 81-ші маусымын үш жаңа қойылыммен бастады. Көрерменге «Карлсонның қайта оралуы», «Ақбілек. Түс» және «Көкірек көзі оянғандай» спектакльдері ұсынылып отыр.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Айдос Қалиев, Валентин Лобанов
Тегтер #24KZ #Ғабит Мүсірепов театры #80 жылдық #мерейтой #көрермен #спектакль #сахнаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz