RU
Толық нұсқаға өту

Амандасу – өзара құрметтің өлшемі

18.09.2026, 13:47 58

Сәлем түзелсе, әлем түзеледі. 

Себебі сәлемдесу салтына бейбітшілік пен береке деген ізгі тілек жасырылған. Бұл тек әдептілік емес, арақатынастың нығаюына жасалатын алғашқы қадам. Сондықтан сыйласу сыпайы түрде болғаны дұрыс. Бірақ қазір ғұрпымызда жоқ әдетке басып, әбестік көрсетіп жүрген жайымыз бар. Бұны байқаған Президент жаңа жүріс-тұрыс әдебін қалыптастыруға шешім қабылдағанын айтқан. Жолы қарапайым – ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтарын қайтару қажет. 

Өзі заман төңкеріліп жатқан кезде сүйгендерден қорқатын болдық. Сондықтан сүюдің қажеті жоқ.

Мысқыл болса да өмірден алынған мысал. Әсілінде әр әзілде бір шындық бар. Ал қазақ емеурінін ерінмен білдірмеген. Қол алысып, амандасқан. Сүю – жат жұрттық жұқпа.  

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған.

Ендеше дәстүр не дейді? Сәлемдесу – өзара құрметтің өлшемі. Жасы кіші жасы үлкенге сәлем береді. Аттылы жаяу адамға амандасады. Топқа кірген жасына қарамай бірінші дауыстап хәл сұрайды. Төс қағыстыру да бар. Көптен көріспегендер сағынышын басады. Қос қолын ұсынып үлкенге ілтипат көрсету де көргендік. Келіннің иіліп сәлем салуы да келісті. Тек кесірлісі – сыйласу орнына бас салып сипап, сүю. Бұл сыпайылық емес. Иба сақталса игі, дейді имам. Бірақ кейінгі кезде көкелеп сәлемдесіп, көтеріліп жатқандар да кезігеді екен. 

Нұрлан Байжігітұлы, «Ырыскелді қажы» атындағы мешіттің бас имамы:

- Қазір бір жағымпаздықтың белгісін де көремін. Мысалы, жасыратыны жоқ адамның қызметі, лауазымы, мәртебесі жоғары болған сайын құшақтасу көбейіп бара жатыр, я. Одан кейін сәлем бергенде де біз теріп, таңдап сәлем беретін болдық. Сондықтан сәлем түзелсе орта да, мәселе де түзеледі. Өзі көп мәселе сәлеммен басталады. Тіпті сәлемнің сондай дәрежесі бар Пайғамбар с.ғ.с құлшылықтың дәрежесіне қойған бұны. Сондықтан құранда аят келеді. Алла тағала құранда сондай мән берген сәлемге, әдебі, сөздің ережесі турасында.

Қазір 4-индустриялық революция дәуірі. Демек, компьютерлер мен телекоммуникациялар билік құрған заман. Техника мен технологияның арқасында жаһан жақын араласып кетті. Әлбетте, төрткүл дүниемен тереземіз тең болуы керек. Бірақ елге шыбын-шіркей кіріп кетпесін десек, тор орнатуды ұмытпаған абзал. Ол қалқан – ұлттық құндылық. 

Жәди Шәкенұлы, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі:

- Қазақ салт-дәстүр болсын, сәлемдесу әдебі болсын біздің ұшан теңіз, телегей теңіз біліміміз. Ата-бабаларымыздың бізге берген байлығы шетсіз, шексіз деуге болады. Өйткені біз дала төсінде өстік, даланың қаймағы сияқты қалқып өстік. Табиғатты аялаған халықпыз. Бала есік алдына еңбектеп шыққан кезде ата-әжелер не дейді? Анау көк шөпті жұлма дейді. Көктей орыласың дейді. Табиғатты қорға дейді, тазалықты сақта дейді. Суға түкірме. Осындай сан салалы білім сенің жүрегіңе, көкірегіңе мейірді білдіреді. Адамзатқа деген мейірімді құяды.  

Президент жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келгенін айтты. Демек, жаңа заманға бейімделіп, таным деңгейі артса да түп тамырдан ажырауға болмайды. Шынжыр үзілсе шындық жоғалады. 

Нысаналы Ығыл, Медет Қуанышбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz