Қазақстанда «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарына өтінім қабылдау басталды. Биыл аталған сыйлықтардың тағайындала бастағанына 10 жыл толып отыр. Мерейтойлық іс-шара Qazaqstan Media Awards аясында өтеді, деп хабарлайды «24KZ».
Конкурс ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылады. Оған медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық және өңірлік телеарналар, радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар қатыса алады.
Байқауға 2025 жылғы 18 қыркүйектен 2026 жылғы 18 қыркүйекке дейін жарияланған немесе эфирге шыққан жұмыстар қабылданады.
Конкурсқа қазақстандық БАҚ журналистері, тележүргізушілер, медиажобалардың авторлары мен жасаушылары, редакциялар және шығармашылық ұжымдар қатыса алады.
Өтінімдер 18 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Qazaqstan Media Awards-тың ресми сайтында қабылданады.
Байқау екі негізгі бағыт бойынша өтеді.
Телевизиялық журналистика
1. Үздік тележүргізуші
2. Үздік телевизиялық материал (репортаж, сұхбат)
3. Үздік телесериал
4. Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама
5. Үздік деректі жоба
6. Қоғамдық жауапкершілік саласындағы үздік жоба («Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан»)
Баспа, интернет және радио журналистикасы
1. Жылдың үздік журналисті
2. Жылдың үздік материалы (сұхбат, репортаж, мақала)
3. Үздік талдамалық материал
4. Үздік медиажоба (YouTube, подкаст)
5. Үздік радиожоба
6. Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба
Биыл журналистиканың болашағы мен жаңа технологияларға ерекше назар аударылады. Жасанды интеллект саласындағы жобаларға арналған номинация конкурсқа алғаш рет енгізіліп отыр.
Конкурстық жұмыстарды белгілі журналистерден, медиа саласының еңбек сіңірген қайраткерлері мен сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.
Биыл «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтары алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында біріктіріліп отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz