RU
Толық нұсқаға өту

Е. Серкебаевтың есімі ЮНЕСКО-да ұлықталды

19.09.2026, 18:00 42

Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Қазақстанның көрнекті опера әншісі, КСРО халық артисі 

Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Дәуір дауысы» атты гала-концерт өтті. Мерейтойлық шара аясында мәдени ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келіссөздер де жүрді. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев ЮНЕСКО-ның бас директоры Халед әл-Ананимен кездесіп, Қазақстанның тарихи нысандарын Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу мәселесін талқылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығына «Жетісудің киелі ағаш сәулет өнері: мәдениетаралық диалог пен орнықтылық мұрасы» атты сериялық номинациясын алдын ала бағалау жөнінде еліміздің сұрауы жолданғаны белгілі. Оған Жаркент мешіті мен Вознесенск кафедралды соборы кірді. Тарихи нысандарды Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізуге дайындық мәселесі кездесудің негізгі тақырыптарының біріне айналды. Тараптар сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің қызметіне және оның Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытудағы роліне де ерекше назар аударды.

Екі жақты кездесуден кейін ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Дәуір дауысы» гала-концерті өтті. Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Кеш қонақтарының арасында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры да болды. 

Лазар Элунду Ассомо, ЮНЕСКО бүкіләлемдік мұра орталығының директоры:

- Бүгін біз ұлы артистің есімін ұлықтап жатырмыз. Оның шығармашылығы өнердің мәдениеттер арасын жалғайтын көпір екенін айғақтайды. Қазақстанға жасаған сапарымды және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған кездесуімді ерекше тебіреніспен еске аламын. Саяхатым кезінде қазақ халқының бай мәдениетімен тереңірек таныстым. ЮНЕСКО төрінде қазақстандық музыканттардың қатысуымен өткен бүгінгі кеш жадымызда мәңгі сақталады.

«Дәуір дауысы» концертіне Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, хоры және симфониялық оркестрі қатысты. Кеште қазақ және әлемдік опера классикасының таңдаулы туындылары, соның ішінде Ермек Серкебаевтың репертуарындағы шығармалар да орындалды. Аңыз әншінің туысы, белгілі скрипкашы Жәмила Серкебаеваның сахнада өнер көрсетуі кеш көрігін қыздырды. Көрермендер қатарында маэстроның туған ұлы да болды.

Байғали Серкебаев, музыкант, Ермек Серкебаевтың ұлы:

- Ермек Серкебаевтың шығармашылығын қолдап, мерейтойын атап өтіп жатқан ел басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі концерт осы қолдаудың жарқын көрінісі. 

Ермек Серкебаевтың есімі қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі ретінде тарихта қалды. Оның қайталанбас даусы Францияны қоса алғанда, әлемнің 50-ден астам елінің сахнасында қалықтады. Әнші өзінің шығармашылығы арқылы қазақ операсын халықаралық деңгейде танытты. Ол бүгінгі өнерпаздар үшін орындаушылық шеберліктің биік үлгісі болып қала береді.

Оксана Давыденко, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі:

- Мен үшін бұл ерекше тебіренерлік сәт. Өйткені мен Ермек Серкебаевты жеке танитын едім. Ол консерваторияда сабақ берген кезде мен сол жерде оқыдым. Бүгін қатты толқып тұрмын. Біз оның өнердегі жолын жалғастыруға міндеттіміз. 

Қуаныш Исмаилов, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының дирижері:

- 100 жылдық мерейтойы осы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіп жатқаны біз үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе. Жалпы көрермен қызыға қабылдады деп ойлаймын. Көпті көрген Париж көрермені үшін қазақ музыкасы әсте қызық деп ойлаймын. 

Шетелдік көрермен қазақстандық өнерпаздарды зор ықыласпен тыңдады. Олар ұлттық нақышта өткен концерттік бағдарламаның бай репертуарына тәнті болып, әншілердің әсем даусы мен орындаушылық шеберлігіне жоғары баға берді.

 БЛИЦ:

- Осындай тамаша кеш ұйымдастырғандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Ғажайып дауыстарды ұйып тыңдап, әншілер мен музыканттардың өнеріне тамсандық. Бүгінгі концерт бәрімізге ерекше әсер сыйлады.

- Мен операны өте жақсы көремін. Сондықтан өнерпаздарды тыңдау мен үшін ғанибет болды. Әсіресе трио мен квартеттің орындауындағы шығармалар ұмытылмас әсер қалдырды. Тіпті өзіміздің де қосылып, ән шырқағымыз келді!

- Бүгін мен қазақ мәдениетіне музыка мен ұлттық киімдер арқылы бойладым. Әсіресе, түрлі тілде шырқалған опера ариялары мені тәнті етті. Барлығы өте әсерлі болды, кештен ерекше ләззат алдым.

Еліміздің көрнекті өнер қайраткерлерінің мерейтойларын ЮНЕСКО көлемінде атап өту Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге танытуға ықпал етеді. Бұл олардың еңбегіне халықаралық деңгейде берілген жоғары баға ғана емес, рухани мұрамызды сақтап, келер ұрпаққа жеткізудің бірден бір жолы. 

Ғалымжан Қараманұлы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz