Елордада Атырау облысының шығармашылық әлеуетін танытатын Atyrau Creative Days жәрмеңкесі басталды.
Іс-шара аясы кең. Екі күн бойы жәрмеңкеден бөлек мұнайлы өлкенің креаторлары сән көрсетілімі, көрме, театрландырылған қойылым және 3D технологияларына арналған түрлі жобаларды ұсынады.
Зергерлік бұйымдар, сән, дизайн, ұлттық қолөнер және авторлық жобалар. Мұның бәрін Atyrau Creative Days алаңынан тамашалауға болады. Ал айырықша көзге түсетіні балық терісімен қапталған қобыз бен ағаштан заманауи графика арқылы жасалған ою-өрнек картинасы.
Нұрсұлтан Қалиев, қолөнер шебері:
- Қобыздың пішінін де балыққа, икраға ұқсатып жасадым. Оны жасау үшін жарты жылдай, 1 жылға жуық уақыт кетті. Кәдімгі жерден қазып алғандай болатын жұмыстарымды әкеліп отырмын.
Жанғазы Сейдахмет, графика дизайнері, оюшы:
- Ою-өнеркті жай ғана көшіре салмай, оны жаңартамын. Өзімнің қолымнан көптеген жаңа оюлар шыққан. Бірінші компьютермен оюды сызып аламын керек өлшемде. Содан кейін оны лазермен кесемін.
Шара аясында Creative Talks форматындағы кездесу өтеді. Онда креативті индустрияның қазіргі бағыты, жаңа идеялар мен шығармашылық кәсіптің мүмкіндіктері талқыланады.
Дәурен Сейтқалиев, "Креативті индустрияны дамыту" қорының өңірлік менеджері:
- Бізде қазақ әуендерін тыңдап, мидың әсері қандай деңгейде болатынын зерттейтін бір жобамыз бар. Тек қолөнер, сурет емес, музыкант, бишілерді алып келдік. Яғни түрлі саладағы креативті индустрия бағытындағы шығармашылық азаматтарды алып келдік. Шамамен Атырау облысынан 100-ге жуық креатор келді.
Көрме ертең де жалғасады. Оған келушілер тек Атырау аймағының шығармашылық әлеуетін тамашалап қоймай, өзіне ұнаған өнімді сатып ала алады.
Альмира Оразбай, Самат Оспанов
Тегтер #елорда #Атырау облысы #шығармашылық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz