Алматыда дәстүрлі Alma Qala фестивалі ашылды.
Қала күніне орайластырылған шара он алтыншы рет өтіп отыр. Қонақтар мен тұрғындар екі күн бойы алманың түрлі сұрыптарынан дәм татып, мәдени бағдарламаны тамашалай алады.
Мерекеге орай шаһар орталығына 200 тоннадан астам алма жеткізілді. Панфилов пен Қазыбек би көшелерінің қиылысында Алматы маңындағы шаруа қожалықтары алманың сан алуан сұрпын ұсынды. Олардың қатарында сирек кездесетін түрлермен бірге Алматының символына айналған атақты апорт та бар. Келушілер жемісті сатып алып қана қоймай, әр шаруашылықта өсірілген алманың дәмін татып көрді.
Сәния Қуандықова, қала тұрғыны:
- Мен әдейілеп келгенде апорт пен заиллийский апорт деген алмаға келем. Ол өкінішке орай, ол алма уже жоқ. 1-2 жерден ғана іздеп тауып алдым. Ең жақсы алма – Алматының апорты. Басқа алманы онша ұнатпаймын. Иісі қандай, аңқып тұр ғой.
Алма мерекесіне көпшілігі апорт алмасын іздеп келеді. Дәл бұрынғыдай біреуі 600-800 грамм тартатын апорт болмаса да бағбандар сонау 1968 жылы егілген бақтардың өнімін алып келді. Апорттан бөлек алманың «Салтанат», «Алтын делишес», «Пеструшка» сияқты көптеген түрі ұсынылды.
Алайбек Мемішев, алма өсіруші:
- Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер село округінен келіп тұрмыз бүгін эплфестке. Жылда келіп тұрамыз. Бізде шаруашылық қожалық, алма өсіреміз. Алма өсірумен 15 жылдай болды айналысып жатқанымызға. Апортымыз 1968 жылдан ескі бақтардан. Қалған апорт әкеміз кезінде жұмыс істеген, әкемізден қалған, соны жалғастырып келе жатырмыз.
Екі күнге жоспарланған Alma Qala фестивалі тек алма жәрмеңкесімен шектелмейді. Фестиваль аумағы тақырыптық алаңдарға бөлініп, әрқайсысы түрлі бағдарлама ұсынды. Ұлттық алаңда фольклорлық ұжымдар, театр актерлері өнер көрсетті. Қолөнер алаңында 50-ден астам отандық өндіруші мен шығармашылық кәсіпкер жұмыстарын таныстырады. Келушілер ою ойып, тоқып, сурет салып, мүсін жасап, әшекей бұйымдар әзірлеуге қатысты.
Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов
Тегтер #Алматы #Alma Qala фестивалі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz