Қазақстан мен Франция театр өнері, музей және архив ісі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді. Бұл туралы екі елдің Мәдениет министрлері Париждегі кездесу барысында уағдаласты.
Арман Қырықбаев пен Катрин Пегардың келіссөзі осы аптада Франция астанасында өткен Қазақстанның мәдениет күндері аясында ұйымдастырылды. Үш күндік бағдарлама аясында француз көрермені қазақ киносымен танысып, концертті тамашалады. Сонымен қатар екі елдің мәдениет қайраткерлерінің жиыны өтті.
Театр ұжымдарының өзара гастрольдері, бірлескен музей және архив жобалары, мамандар алмасу. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен оның француз әріптесі Катрин Пегардың кездесуінде осы мәселелер талқыланды. Тараптар театрлар мен музейлер арасындағы тікелей байланысты одан әрі дамытып, мамандар үшін оқыту бағдарламалары мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыруға келісті. Сапар аясында Арман Қырықбаев Лувр музейінің президенті Кристоф Лерибомен де жүздесті. Тараптар Лувр қорындағы жәдігерлер көрмесін Қазақстанда ұйымдастыру мен музей саласындағы өзге де бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады.
Жером Ривуази, Франция Мәдениет министрлігінің бас хатшысы:
- Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастық дамып келеді. Әсіресе музей және археология салаларында артты. Қазір бірқатар жоба әзірленіп жатыр. Осыдан екі жылдай бұрын екі ел басшысы бірнеше келісімге қол қойды. Соның аясында мәдениет пен өнер саласындағы жұмысымызды жалғастырып келеміз. Бүгінгі кездесуі де соның бір дәлелі.
Гүлсара Арыстанқұлова, Қазақстанның Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Мәдениет күндері алғашқы күні кино біздің үш-төрт туындыны көрсетумен басталды. Сондай-ақ қазіргі жаңа тақырыптар – креативті индустрия дейміз, цифрландыру – сондай салаларда екі ел арасында үлкен әлеует бар екенін білдіретін екі елдің мамандары және осы мекемелердің басшылары жиналды.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Қазақстанның мәдениет күндері – Елисей маңындағы тарихи Мариньи театрында мәресіне жетті. Бұл орынның бір жарым ғасырдан астам тарихы бар. Мұнда Эдит Пиаф, Жозефина Бейкер сынды әлемге әйгілі француз жұлдыздары өнер көрсеткен. бүгін дәл осы сахнада қазақстандық өнерпаздар да өнерлерін паш етті. Осылайша, гала-концерт айтулы іс-шараның сәнін келтіріп, қорытынды кешке айналды.
Концертті ашқан Арман Қырықбаев Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастың тұрақты дамып келе жатқанын және мәдениеттің екі халықты жақындастырудағы айрықша рөлін атап өтті. Бағдарламада дәстүрлі үн заманауи ырғақпен үндесіп, жиылған жұртты ерекше әсерге бөледі. Сахнаға танымал әншілер Әлішер Кәрімов, Зарина Алтынбаева, Amre, Назым Сағынтай шықты. Олармен бірге «Астана Балет», Астана Опера театрлары, HasSak этно-фольклорлық ансамблі және Mezzo тобы өнер көрсетті.
Аскар Мұқият, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:
- Біз қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп жүргелі кез келген елге, жерге барып концерт бергенде, халықтан ерекше ықылас аламыз. Өйткені Еуропаға біздің ұлттық өнеріміз толықтай 100 пайыз танылды деп айта алмаймын. Сондықтан бір жағынан таңғаларлық, бір жағынан таңсық дүние. Әр ұлттың өзінің ұлттық музыкасы, классикалық музыкасы болғандықтан, біз бүгін Франция төрінде, Париж төрінде ұлттық музыкамызды таныттық.
Сұлтанбек, Astana Opera театрының әртісі:
- Көрермендер өте ыстық ықыласпен қарсы алды. Жібергісі келмей, сонда ұзақ қолдау көрсетті.
Мариньи театрының үлкен залы мыңға жуық көрерменге арналған. Алайда бұл кеште қызығушылықтың жоғары болғаны сонша, кейбір қонақтарға тіпті орын жетпей қалған. Өнерпаздарды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді.
Флориан, музыкант:
- Маған қатты әсер еткені – ұлттық музыка. Классикалық бөлігі де өте жоғары деңгейде орындалды. Бағдарлама өте әдемі үйлестіріліп құрылған. Керемет әсер алдым.
Садрин, көрермен:
- Мен Әлішер Каримовты Парижде көргеніме қуаныштымын. Өнерпаздар ішінде HasSak тобы да өте ұнады. Бүгінгі кеште адам қарасы көп болды. Қазақ мәдениетімен танысып, өнерпаздарыңыздың өнеріне тәнті болдым.
Париждегі Қазақстанның мәдениет күндері ұлттық өнерімізді француз жұртшылығына тағы бір мәрте таныстырып қана қоймай, екі ел арасындағы жаңа бірлескен жобаларға жол ашты.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан
Тегтер #24KZ #Франция #Париж #Қазақстан #мәдениет күндері #театр өнеріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz