Қазақстанның гобелен өнерінің қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосқан суретші Бәтима Зәуірбекова 80 жаста. Осыған орай Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде «Мұра жіптері» атты мерейтойлық жеке көрме жасақталды. Экспозицияда суретшінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолын қамтитын 80-нен астам туынды қойылған, - деп хабарлайды 24KZ.
Көрме залына кірген сәттен-ақ қанық түстер мен ойнақы өрнектер назар аудартады. Бір қарағанда, бұл – жіптен өрілген бейнелер. Ал жақындай түскен сайын әр туындының астарында тұтас бір әлем жатқанын аңғарасыз. Үш залды қамтыған мерейтойлық көрменің концепциясы да ерекше. Оны әзірлеуге өнертанушылармен қатар сәулетшілер де атсалысқан. Көрменің «Мұра жіптері» деп аталуының да өз сыры бар.
Алина Федорович, көрме кураторы:
— «Мұра жіптері» атауындағы «жіп» ұғымының тағы бір мағынасы бар. Ол — адамды өткенмен, табиғатпен рухани байланысты білдіреді. Ал мұра дегеніміз — адам бойына сіңіріп, шығармашылықпен дамытып, оған өзіндік үлесін қосып, кейінгі ұрпаққа жалғастырып жеткізетін дәстүрлер мен идеялар. Көрмедегі кейбір туындылардың осындай жіптерге ілініп тұруы да сабақтастықтың символын білдіреді.
Көрмеге Бәтима Зәуірбекованың музей қорындағы 80-ге жуық еңбегі қойылған. Гобелен, кескіндеме және графика туындыларымен қатар олардың алғашқы эскиздерін де көруге болады. Бұл суретшінің ойындағы бейненің қағаздағы алғашқы нобайдан бастап, көлемді гобеленге дейін қалай өзгергенін көруге мүмкіндік береді. «Суретші жіп арқылы тек бейне емес, көңіл күй мен ой кеңістігін де жеткізген», — дейді өнертанушылар.
Гүлайым Жұмабекова, Ә. Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің директоры:
— Бұл өнердің ішіндегі өте күрделі өнердің бірі деп айтсам болады. Өйткені өнерді жарыққа шығару үшін үлкен сабырлылықты, шыдамдылықты, ыждағаттылықты талап ететін өнердің бір түрі. Осы қасиеттің бәрі Бәтима Есмұратқызы Зәуірбекованың бойында бар. Соның нәтижесінде жүздеген жұмыстар дүниеге келді.
Бәтима Зәуірбекованың ең танымал туындыларының бірі бүгінде тек архив кадрларында ғана сақталған. 1970 жылдардың соңында суретші өзге де шеберлермен бірге «Қазақстан» қонақүйіне арналған ауқымды «Кемпірқосақ» гобеленін жасады. Монументалды туындының дүниеге келу барысы «Мелодия» қысқаметражды фильмінде сақталған. Осы еңбегі үшін авторлық ұжым Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Алайда гобеленнің кейінгі тағдыры әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.
Гүлнәр Жұбаниязова, Экскурсия қызметі бөлімінің жетекшісі:
— «Қазақстан» қонақүйіндегі гобелендердің бәрінің ұшты-күйлі жоғалып кеткені әлі де белгісіз болып отыр. Өйткені ол — жіп, таза жүннен тоқылған материал. Жүн болғаннан кейін уақыт өте келе шіріп кетуі мүмкін. Негізі із-түзсіз жоғалып кетуінің себебі осы болуы мүмкін деп ойлаймын. Табылып жатса, құба-құп. Өкінішке қарай, оның эскизі де суретшілерде сақталмаған.
Жарты ғасырдан астам шығармашылық жолында Бәтима Зәуірбекова жүздеген туынды жасады. Суретшінің мерейтойына орай үш кітап дайындалды. Олар — «Мұра жіптері» каталогы, «Гобелен. Кескіндеме. Түс философиясы» кітабы және «Қазақстанның тоқылған мұрасы» атты көлемді альбом. Соңғы басылымды француздың әйгілі Assouline баспасы жарыққа шығарған.
Яффа Ассулин, «ASSOULINE» француз баспа үйінің арт-директоры:
— Мен сұлулықты ешқашан жай ғана сәндік элемент немесе әшекей деп қабылдаған емеспін. Сұлулықтың бойында жады, тарих және белгілі бір ой жатыр. Кейде ол бізге тұтас бір өркениеттің тарихын баяндап бере алады. Бәтима Зәуірбекованың шығармашылығы да дәл сондай. Оның түсті сезінуі, геометрияны, ырғақ пен композицияны меңгеруі Матисс, Кандинский, Малевич, Шагал секілді суретшілердің шығармашылығымен күтпеген көркемдік диалог орнатады. Дегенмен Бәтиманың өзіндік дара қолтаңбасы бар.
80 жасқа толған суретші шығармашылық ізденісін әлі де жалғастырып келеді. Мәселен, мына киізден тоқылған гобеленді Бәтима Зәуірбекова жақында ғана музей қорына арнайы тапсырған. «Мұра жіптері» көрмесінің ресми ашылуы ертең Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде өтеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон
Тегтер #Бәтима Зәуірбекова #суретші #көрмеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz