RU
Толық нұсқаға өту

Өнерде өзіндік із қалдырған Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толды

28.09.2026, 17:31 58

Биыл қазақтың ән өнері мен ағарту саласында өзіндік із қалдырған Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толып отыр.

Тұлғаның кіндік қаны тамған Тоғызбұлақ ауылында мерейтойға арналған тағылымды шара өтті. Кешке Қапездің ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері мен ауыл тұрғындары жиналды.

Қапез Байғабылұлының есімі берілген Тоғызбұлақ ауылындағы мектепте енді оның өмірі мен шығармашылығын кеңінен танытатын арнайы сынып ашылды. Мұнда ағартушының жүріп өткен жолы, елге сіңірген еңбегі мен артында қалдырған шығармашылық мұрасы жайлы құнды деректер жинақталған. Танымдық бұрыш жас ұрпаққа тұлғаның өнегелі өмірін жақынырақ танып, мұрасын тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.

Сағатбек Медеубекұлы, өнер зерттеушісі:

- Бұл біздің Қапездің өзіне ешнәрсе бермес, бірақ елін сүюге, ұлтын сүюге, болашақ ұрпақ үшін еңбек етуге өнеге болатын үлкен маңызды, мәнді шара деп ойлаймын. Мынау Қапез Байғабылұлының атындағы орта мектепте бір кабинетті Қапез Байғабылұлының атындағы танымдық-тағылымдық сынып деп ашып, соны заманауи жабдықтармен жабдықтап, жасап берді. Бұл енді ұрпақ үшін өте керек.

Мерейтой аясында Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған екі республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталып, жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды. Оның бірі кәсіби суретшілер арасында өтсе, екіншісі спортшылардың басын қосты.

Еркін Қайшыбек, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

- Салған суреттеріміз таза Қапез атамыздың ішкі дүниесін, жалпы бейнесін ашу үшін соған жұмыс істедік біз. Суретшілер әртүрлі бағытта жұмыс істеп, сол портретін салды, туған жерінің бейнесін салды. Бұл жерде таңдау өте қиын болған шығар деп ойлаймын. Себебі әр жұмыстың өзі өзінше ерекше болды, өзінше керемет болды.

Кеш соңында алаш рухты Қапез Байғабылұлының елге кең тараған шығармалары орындалып, көрерменге арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.

Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz